Отандық ғалымдар радиацияны зерттейтін мобильді құрылғы әзірледі

Отандық ғалымдар радиацияны зерттейтін мобильді құрылғы әзірледі
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары радиацияны жоғары жылдамдықпен тіркеп, оның материалдарға әсерін зерттеуге мүмкіндік беретін мобильді спектрлік кешен құрастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Салмағы үш келі құрылғы бір спектрді шамамен бір минутта өлшейді. Бұрын мұндай жұмысқа 20–30 минут қажет болған.

Қүрылғы «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында жүргізілген көпжылдық зерттеуінің нәтижесінде туындады. Жобаны физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, орталық директоры Қуанышбек Шүңкеев шәкірттерімен бірге жүзеге асырған. Ғалым ядролық физика саласындағы зерттеумен 1980-жылдардан бері айналысып келеді.

Жаңа құрылғы радиация әсерінен кристалдар шығаратын әлсіз жарық сигналын тіркеуге арналған. Осы сигналды талдау арқылы сәулеленудің деңгейі мен басқа да физикалық сипаттамасын анықтап, материалдардың радиация әсерінен қалай өзгеретінін зерттеуге болады.

«Бұған дейін зерттеулерде көлемді, бір орында пайдаланылатын жабдық қолданылды. Жаңа құрылғының салмағы небәрі үш келі. Ол бір спектрді шамамен бір минутта өлшейді. Ал бұрынғы аппаратқа осы жұмыс үшін 20–30 минут қажет болатын. Бұл әсіресе қысқа уақыт ішінде жоғалып кетуі мүмкін әлсіз сигналдарды тіркеу кезінде маңызды», – деді Қуанышбек Шүңкеев.

Құрылғыны құрастыру кезінде бұрынғы аппараттың негізгі компоненттері заманауи өлшеу жүйесіне бейімделген. Қажетті бөлшектер Беларусь пен Жапониядан жеткізілген. Әзірлеме Астана қаласындағы Ядролық физика институтының ДЦ-60 үдеткішінде сынақтан өткізілді. Сонымен қатар ғалымдар Германияның Гамбург қаласындағы зертханада тәжірибе жүргізген.

Мобильді кешенді зертханадан тыс жерде де пайдалануға болады. Қазір ғалымдар оның көмегімен Ақтөбеде өндірілетін рентген аппаратына қатысты тәжірибе жүргізіп, құрылғының мүмкіндігін зерттеп жатыр. Сондай-ақ Күн спектрін өлшеу және сәулеленудің материалдардың физикалық қасиеттеріне әсерін зерделеу бағыттары қарастырылуда.

Еске сала кетсек, қазақстандық ғалымдар құбырсыз су көтеру технологиясын әзірледі.