Елордалық студенттер танымал орман тәлімбағында тәжірибе жинап, зерттеу жұмысын жүргізе алады
Бүгін Астанада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор Қанат Тіреуов пен Кондратов тәжірибелік-көрсетілім орман тәлімбағы ЖШС Басқарма төрағасы Аслан Сатин ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыты орман тұқым шаруашылығын, орманды қалпына келтіруді және заманауи жылыжай технологиясын дамытуға бағытталған.
Мұндай алаңның құрылуы білім беру, ғылым, мамандарды практикалық даярлау, өндірістік сынақтар мен технологиялар трансферін біріктіріп, университет әзірлемелерін саланың нақты қажеттілігімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясында орман тәлімбағы базасында ҚАТЗУ-дың бірлескен оқу-ғылыми-өндірістік алаңын құру көзделіп отыр. Ол білім беру үдерісін, студенттердің практикалық даярлығын, ғылыми зерттеулерді, инновациялық технологияларды сынақтан өткізуді және оларды өндіріске енгізуді біріктіреді.
Өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – студенттердің тұқым материалын алу мен дайындаудан бастап, көшет өсіру және орманды қалпына келтіру жұмысына қатысуға дейінгі толық практикалық циклден өтуіне жағдай жасау.

Ынтымақтастық аясында:
– орман тәлімбағы базасында ҚАТЗУ-дың Орман зертханасын құру;
– студенттердің оқу, өндірістік және дипломалды практикасын ұйымдастыру;
– өндірістік нысандарда тәжірибеге бағытталған сабақтар өткізу;
– дуалды оқыту элементін дамыту;
– орманды қалпына келтіру, орман өсіру, орман питомнигі шаруашылығы және экология салаларында бірлескен ғылыми зерттеу жүргізу;
– тұқымдық және отырғызу материалының сапасын зерттеу;
– тұқымдарды сақтау, стратификациялау және дайындау технологияларын зерделеу;
– көшет өсірудің заманауи технологияларын әзірлеу және сынақтан өткізу;
– отырғызу материалдарын өсіру мен мониторинг жүргізудің цифрлық технологияларын енгізу;
– ҚАТЗУ әзірлемелерін орман тәлімбағының өндірістік базасында сынақтан өткізу;
– орман тұқымдарын аудандастыру саласындағы құзыреттерді қалыптастыру жоспарланған.
Сондай-ақ ағаштардың бүрін жинауға арналған плантациялар желісін қалыптастыруға, орманды қалпына келтіру жобаларын сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз етуге және Қазақстандағы орманды қалпына келтіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми-әдістемелік базаны дамытуға ерекше назар аударылады.

Перспективалы бағыттардың бірі – жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіруге арналған өнеркәсіптік жылыжай кешенін құру.
Алынған технологиялар мен практикалық тәжірибені тек орман өсіруде ғана емес, ауыл шаруашылығы өндірісінің басқа да бағыттарында қолдануға болады.
Практикалық даярлықты күшейту және орман шаруашылығы мамандықтарын насихаттау мақсатында студенттер мен сала мамандарының қатысуымен ҚАТЗУ-дың Орман көпсайысын өткізу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, ҚАТЗУ-да ветеринариялық қауіпсіздік, Орталық Азиядағы мал шаруашылығын қорғау мен аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағытталған ортақ шешімді қалыптастыруға мүмкіндік беретін семинар өткізілді.