Мари Фавероның «Алтын орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабының тұсаукесері өтті

Мари Фавероның «Алтын орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабының тұсаукесері өтті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматыда ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында француз тарихшысы, Еуразияның ортағасырлық тарихы мен Жошы ұлысын зерттеуші Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Steppe & World Publishing баспа үйі және Қазақстандағы Франция елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Кітап Жошы ұлысы мен Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орны мен рөлін жан-жақты зерделеуге арналған. Еңбекте сауда жолдары, дипломатиялық байланыстар, қалалардың дамуы, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстар қарастырылады.

Ұлттық ғылым академиясының орталық басшысы Ж.Төлен өз сөзінде Мари Фавероның Алтын Орданы тек әскери жаулап алу тарихы тұрғысынан емес, Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени кеңістігін қалыптастырған күрделі империялық жүйе ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, автордың тұжырымдары «Жошы ұлысы – Алтын Орда – Қазақ хандығы» тарихи сабақтастығын нақты деректер негізінде кешенді зерттеу үшін маңызды ғылыми негіз қалыптастырады.

Тұсаукесердің негізгі бөлімінде Мари Фаверо «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабын толық таныстырып, Жошы Ұлысын зерттеуге қалай келгені, кітаптың жазылу тарихы және зерттеудің деректік базасы туралы баяндады. Ғалым өз еңбегінде араб, түркі, орыс, көне итальян, латын және парсы тілдеріндегі жазба деректерді, археологиялық зерттеу нәтижелерін және Жошы Ұлысы хандарына қатысты нумизматикалық материалдарды кешенді пайдаланғанын атап өтті.

Іс-шара барысында кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасының тұсауы кесіліп, қатысушылар Мари Фаверомен пікір алмасты. Сұрақ-жауап сессиясында Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеудің өзекті мәселелері, көшпелі империялардың әлемдік тарихтағы орны және тарихи мұраны заманауи ғылыми тәсілдер негізінде зерделеу мәселелері талқыланды. Іс-шара соңында автор оқырмандарға қолтаңба берді.

Еске салсақ, СҚО-дағы рахеологиялық қазба барысында Алтын Орда дәуіріне қатысты жаңа деректер табылды.