Ақтөбеде тәулігіне 150 тоннаға дейін макулатура өңдейтін зауыт салынып жатыр

Бүгін, 14:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде тәулігіне 150 тоннаға дейін макулатура өңдейтін зауыт салынып жатыр
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе қаласының индустриялық аймағында қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, қағаз бен картон өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы әкімдігіне сілтеме жасап. 

«CAPITAL PLAST KZ» ЖШС жүзеге асырып жатқан кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін тәулігіне 150 тоннаға дейін макулатура өңдеп, жылына 42 мың тонна дайын өнім шығара алады. Өндірісті 2028 жылы іске қосу жоспарланған.

Жобаны жүзеге асыру өңірде қайталама шикізатты өңдеу қуаттарын арттыруға, полигондарға жіберілетін қағаз қалдықтарының көлемін азайтуға және отандық қағаз-картон өнімдерінің өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Пайдаланылған қағаздан қаптама өндірісіне қажетті жаңа шикізат алынады

Болашақ кәсіпорынның негізгі қызметі макулатураны қайта өңдеп, қаптама өндірісінде қолданылатын қағаз бен картон шығару болмақ.

Жобалық қуатына шыққаннан кейін зауыт жылына 18 мың тоннаға дейін гофрлеуге арналған қағаз және 24 мың тоннаға дейін гофрокартонның тегіс қабаттарына арналған картон өндіре алады.

Бұл материалдар түрлі тауарларды сақтауға және тасымалдауға арналған гофрленген қаптамалар өндірісінде пайдаланылады.

Кәсіпорынды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін Батыс Қазақстан өңірлерінен макулатура жинау және жеткізу жүйесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Жобалық көрсеткіштерге сәйкес, зауыт күн сайын 150 тоннаға дейін қағаз қалдығын қайта өңдей алады. Бұл пайдаланылған қағаз бен картонның едәуір көлемін қайта өндірістік айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, қағаз қалдықтары тек кәдеге жаратуды қажет ететін материал ретінде емес, жаңа өнім шығаруға арналған құнды шикізат ретінде пайдаланылатын болады.

Зауыт құрылысына 10 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған

Жобаны «CAPITAL PLAST KZ» ЖШС Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырып жатыр.

Қаржыландыру кәдеге жарату төлемдерінен түскен қаражат есебінен жүргізілуде. Жобаны іске асыруға шамамен 10,3 млрд теңге қарастырылған.

Кәсіпорынның құрылысы 2025 жылы басталған.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының индустриялық аймағындағы құрылыс алаңында өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Іргетас жұмыстары жүргізіліп, металл конструкцияларды монтаждау және өндірістік ғимараттарды салу жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар қазандықтың құрылысы аяқталған.

«CAPITAL PLAST KZ» ЖШС бас инженері Дияс Жұмағазыұлының мәліметінше, кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған.

Зауыт толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін 300-ден астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Жаңа зауыт Батыс Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді

Кәсіпорынның құрылысы қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи инфрақұрылымын дамыту және «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.

Жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы қағаз қалдықтарының едәуір көлемін тікелей Ақтөбеде қайта өңдеуге және оларды отандық өнеркәсіпте пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.

Жобаның Батыс Қазақстан өңірлерінде макулатураны жинау және қайта өңдеудің тұрақты жүйесін қалыптастырудағы маңызы ерекше.

Көршілес облыстардан қайталама шикізат жеткізу кәсіпорынды қажетті материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, қағаз бен картон өндірісі қаптама шығаратын кәсіпорындар үшін қосымша отандық шикізат базасын қалыптастырады.

Алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және полигондарға жіберілетін қалдықтар көлемін қысқартуға ықпал етеді.

Ақтөбедегі жаңа зауыттың құрылысы материалдарды қайта пайдалануға және қайталама шикізатты өндірістік айналымға қайтаруға негізделген тұйық циклді экономиканы дамытуға бағытталған жобалардың бірі болмақ.

Еске салайық, бұған дейін Республика күні қарсаңында жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, білім беру орталықтары, ТКШ және әлеуметтік сала нысандары пайдалануға берілгені туралы жаздық.