Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ел өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Республика күні қарсаңында жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, білім беру орталықтары, ТКШ және әлеуметтік сала нысандары пайдалануға берілді.
Өнеркәсіп және өндіріс
Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын Silumin of Qazaqstan зауыты ашылды. Толық өндірістік циклді қамтитын жоба алюминий кластерін дамытуға, импортты алмастыру мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Түркістан облысының Темірлан ауылында «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС компаниясының ірі қара малдың сүйегінен май мен желатин компоненттерін өндіретін зауыты іске қосылды. Жалпы құны 9 млрд теңге болатын кәсіпорын ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді және биотехнология, микробиология және фармацевтикада пайдаланылатын пептон шығаруды қамтамасыз етеді.
Түркістан облысында мақта майын өңдеу зауыты ашылды. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірісті іске қосу өңірде шитті мақтаны қайта өңдеу көлемін және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау
Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын жаңа емхананың техникалық ашылуы өтті. Жалпы құны шамамен 5,1 млрд теңгені құрайтын мекеме Қызылжар ауданының 40 мыңнан астам тұрғынына медициналық қызмет көрсетіп, жергілікті деңгейде диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Білім беру және цифрландыру
Ақтөбеде AQTOBE IT HUB заманауи білім беру орталығы ашылды. Мұнда болашақ мамандарын даярлау мақсатында бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект (ЖИ) және басқа да цифрлық салалар бойынша білім беріледі. Орталықтың негізгі бағыттарының бірі – 18 жастан асқандарға арналған Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі. Онда халықаралық Peer-to-Peer оқыту моделі негізінде IT мамандықтарын тегін меңгере алады.
Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нысан 1975 жылы салынған ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Жаңа мектеп барлық баланы бір ауысымда оқытуға және педагогтерге заманауи жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік ашты.
ТКШ және инфрақұрылымды дамыту
Маңғыстау облысында реконструкциялаудан өткен, hi-tech стилінде жобаланған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Аумағы 9 мың шаршы метрден асатын үш қабатты кешен бұрынғы ғимараттан 11 есе үлкен. Жаңа вокзал тәулігіне 2,5 мың жолаушыға, ал жазғы маусымның қарбалас кезеңінде 4 мыңға дейін жолаушыға қызмет көрсете алады. Инфрақұрылым құрамына кең күту залдары, кассалар, ана мен бала бөлмесі және кедергісіз орта кіреді.
Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жармұхамбет ауылында жаңа ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Құны 1,4 млрд теңге болатын жоба аясында 51 шақырым су құбыры тартылып, екі су ұңғымасы бұрғыланды және әрқайсысының көлемі 300 текше метр болатын екі резервуар салынды.
Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсететін мекемеге 26 бірлік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде автокрандар, шынжыр табанды экскаватор, тиегіш, кран-манипуляторлар, бұрғылау машинасы және тартқыштар бар. Жаңа техника гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау жұмыстарының жеделдігі мен сапасын арттырып, су басудың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік сала
Ақтөбе облысының Шұбарқұдық кентінде жалпы ауданы 1,6 мың шаршы метр болатын жаңа жабық жүзу бассейні ашылды. Нысан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне берілді. Қазіргі уақытта бассейнде 84 бала жүзумен айналысады. Алдағы уақытта оның өткізу мүмкіндігін шамамен 130 орынға дейін арттыру жоспарланған.