Header Banner

Астананың өнер қайраткерлері «Әділет» партиясына қолдау білдірді

Астананың өнер қайраткерлері «Әділет» партиясына қолдау білдірді
Фото: Ұйымдастырушылар

11 қарашада «Әділет» партиясының өкілдері Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның ұжымымен кездесті. Кездесуде елорданы дамытуға арналған сайлауалды бағдарлама таныстырылып, мәдениет саласы мамандарының қала өміріне қатысты шешімдер қабылдауға қатысуы туралы сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге Астана қаласы мәслихатының депутаттығына № 14 сайлау округі бойынша кандидат Давид Лория және партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Мағжан Қыстаубаев, Кәрімбек Құрманәлиев пен Ербол Қабылбеков қатысты.

Филармонияның бас директоры Мәди Тайпин партиялық тізімге мәдениет саласының өкілі енгеніне ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, салаға қатысты шешімдер қабылдауда оның күнделікті жұмысын және кәсіби мәселелерін ішінен білетін мамандардың тәжірибесі маңызды.

«Мәдениет саласының көпшілікке көріне бермейтін қырлары бар. Оны осы салада еңбек етіп жүрген мамандар жақсы біледі. Сондықтан қатарларыңызда әріптесіміздің болғанына қуаныштымыз. Сіздерге қолдау білдіреміз. Филармонияға келіп, осындай кездесу ұйымдастырғандарыңыз үшін рақмет», — деді Мәди Тайпин.

«Әділет» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев мәслихат депутаттарының жауапкершілігіне тоқталды. Оның айтуынша, партия тізімі бойынша 34 адам, ал 17 сайлау округінің әрқайсысы бойынша бір кандидаттан ұсынылған. Ол кандидаттардың кәсіби тәжірибесімен қатар, қала тұрғындарының күнделікті мәселелерін білуі маңызды екенін айтты.

«Мен де сіздер сияқты осы қаланың тұрғынымын. Бәріміз кептелістің азайғанын, мектептердің қолжетімді болғанын, көшелердің қауіпсіз болғанын қалаймыз. Мұның бәрі бір күнде қалыптаспайды. Ол сіз бен бізден, осындай бастамалардан басталады», — деді Мағжан Қыстаубаев.

Ол партияның басты ұстанымдарының бірі ретінде заң мен тәртіпті атап өтіп, жауапкершілік құндылығын мәдениетпен байланыстырды. Оның айтуынша, көрермен сахнадағы оқиғаны өз өмірімен байланыстырады. Өнер адамға қоғамда болып жатқан жағдайға өзге адамның көзімен қарауға мүмкіндік береді.

Партияның Астананы 2026–2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасында 57 жаңа мектеп салу, 360 шақырым қала көшесін жөндеу және 360 ауланы абаттандыру көзделген. Бұл жоспарлар өсіп келе жатқан елордада мектепке, көлікке және жайлы аулаға деген сұранысты ескеруге бағытталған.

Музыкалық режиссер Нұргүл Сүлейменова партия өкілдеріне сәттілік тілеп, қаланың дамуы ортақ іске әр адамның қосқан үлесіне байланысты екенін айтты.

«Сіздердің атқарып жүрген жұмыстарыңыз бен алға қойған жоспарларыңызды білемін. Сіздерге сенеміз. Әрқайсымыз еліміз бен жеріміз үшін еңбек етсек, бәріміз бірге өркендейміз», — деді Нұргүл Сүлейменова.

* Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.