Мемлекет басшысы Жолдауында жариялаған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасы құқықтық мемлекеттің ары қарай дамуы үшін маңызы зор. Бұл туралы заңгер, профессор Ержан Егембердиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Заңгер бастаманы қолдайтынын айта келе, азаматтық заңнама қалыптасқан қатынастарды реттеп қана қоймай, қоғамдық әрі экономикалық өмірдегі өзгерістерді де ескеруі тиіс екенін атап өтті.
«Соңғы онжылдықтарда адамдар арасындағы өзара іс-қимыл нысандары, мүлікке билік ету, шаруашылық қызметті жүргізу және мәмілелер жасау тәсілдері айтарлықтай өзгерді. Бұл ретте азаматтардың әр жолы күрделі заңгерлік түсіндірме сұрап жүгінбей-ақ, өз құқықтары мен міндеттерін бағдарлай алу мүмкіндігі болуы тиіс. Мысалы, мұраны ресімдеу, жалдау шартын жасасу немесе мүлікті пайдалануға беру кезінде адам өзі қабылдаған шешімнің қандай құқықтық салдарға әкеп соғатынын және заңда қандай кепілдіктер көзделгенін түсінуі маңызды. Сондықтан жаңа Азаматтық кодекс жай ғана жаңартылған құқықтық нормалар жиынтығы емес, күнделікті қатынастарды реттеудің түсінікті әрі жүйелі негізіне айналуы тиіс», - деді ол.
Заңнаманың қолжетімділігіне, құқықтық нормалардың өзара үйлесімділігіне және олардың іс жүзінде қолданылуына ерекше назар аудару қажет.
«Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және көптеген дауларды туындамай тұрып-ақ болдырмауға мүмкіндік береді. Жаңа Азаматтық кодексті сапалы әзірлеу қоғамның құқықтық мәдениетін нығайтуға және мемлекет пен азаматтардың мүдделеріне сай келетін заманауи құқықтық ортаны қалыптастыруға қосылған маңызды үлес болатынына сенімдімін», - деді Ержан Егембердиев.