Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және адам капиталын нығайтуға ерекше мән берілді. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Сәуле Дюсупова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының айтуынша, Президент Жолдауында қоғамның әр саласына қатысты маңызды міндеттер айқындалған. Алайда олардың барлығын біріктіретін негізгі басымдық – адам және оның өмір сүру сапасы.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің одан әрі дамуы үшін маңызды бағдар болды. Онда дәрігерлер мен мұғалімдерге, ата-аналар мен жастарға, бизнес пен ғылым өкілдеріне қатысты мәселелер қамтылды. Ал қоғам мен халықтың әл-ауқатын зерттейтін мамандар үшін ең маңыздысы – адамға және оның өмір сүру сапасына басымдық берілуі», – деді Сәуле Дюсупова.
Ол Қазақстандағы демографиялық өсім әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қажеттілігін арттырып отырғанына назар аударды.
Сарапшы келтірген мәліметке сәйкес, бүгінде елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл – халықтың шамамен 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
«Бұл сандардың артында еліміздің ең басты байлығы – адам капиталы тұр. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау, білім беру сапасын арттыру және қолжетімді орта қалыптастыру мәселелерінің Жолдауда ерекше орын алуы заңды», – деп атап өтті ол.
Сәуле Дюсупова Жолдаудағы маңызды бастамалардың бірі ретінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын кеңейтуді атады.
Оның сөзінше, алғашқы кезеңде өңірлерде 8 заманауи перинаталдық орталық пен 7 көпбейінді балалар ауруханасын, сондай-ақ Астанада тағы екі медициналық нысан салу жоспарланған.
Бұған қоса, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғырту және учаскелік мамандардың еңбекақысын 40 пайызға дейін арттыру мәселесі көтерілген.
Сарапшы инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елімізде инклюзивті білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды кеңейту, маман тапшылығын азайту және ерте диагностика жүйесін жетілдіру маңызды.
Білім беру саласында мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, педагог мәртебесін қорғау және бала тәрбиесіндегі отбасы, мектеп пен оқушының ортақ жауапкершілігін күшейту мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Сонымен қатар сарапшы халық табысын арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім 1,8 миллион адамның мүддесіне әсер ететінін жеткізді.
«Бұл бастаманың барлығын бір мақсат біріктіреді. Ол – әр азаматтың дамуына мүмкіндік беретін берекелі қоғам қалыптастыру. Мұндай қоғамда адамның денсаулығы, білімі, табысы және отбасының өмір сүру сапасы басты құндылық ретінде қарастырылады», – деді Сәуле Дюсупова.
Осы орайда ол Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірлеген «Береке» ұлттық әл-ауқат индексінің маңызына тоқталды.
Сарапшының түсіндіруінше, индекс халықтың әл-ауқатын бірнеше негізгі бағыт бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, табыс деңгейі, әлеуметтік инфрақұрылым және отбасының өмір сүру сапасы бар.
«Береке» ұлттық әл-ауқат индексі Жолдауда айтылған басымдықтармен тікелей үндеседі. Ол берекелі қоғам қалыптастыру жолында қаншалықты ілгерілегенімізді бағалауға, мемлекеттік шешімдердің адамдардың күнделікті өміріне қалай әсер етіп жатқанын анықтауға мүмкіндік береді», – деді институт өкілі.
Сәуле Дюсупованың пікірінше, ана мен бала денсаулығына, қолжетімді медицинаға және инклюзивті ортаға салынған инвестиция – халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді қадам.
«Берекелі қоғам әр отбасының әл-ауқатынан басталады. Адам денсаулығына, біліміне және дамуына жасалған жағдай – тұтас елдің болашағына салынған инвестиция. Халқымыз «Әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған», – деп түйіндеді сарапшы.