Астананың «Сарыарқа» ауданында жастар ғимараттар мен қоғамдық орындардағы заңсыз граффитилерді өшіруге арналған акция ұйымдастырды. Бастама қала тазалығын сақтауға және вандализмнің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы аудан әкімдігімен бірлесіп өткізді. Акция барысында еріктілер ғимараттардың қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарындағы рұқсатсыз салынған суреттер мен жазуларды өшірді.

Бастамаға елордалық мектеп оқушылары мен студенттер, сондай-ақ театр және кино актері Асылбек Әйтіш қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба граффитилерді өшірумен шектелмейді. Оның аясында балалар ойын алаңдарын жөндеу де жоспарланған.
«Біздің жастар қалалық және республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараға қатысады. Оларды әлеуметтік желілер және таныстарымыз арқылы шақырамыз. Көбіне өздері келіп, осындай пайдалы акцияларға атсалысуға ниет білдіреді», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Камилла Мұқатаева.
Оның айтуынша, заңсыз жазулар көбіне балалар және скейт алаңдарында, қараусыз қалған нысандарда, ескі ғимараттарда және көпірлердің астында кездеседі.

Тұрғындар мұндай жазуларды байқаған жағдайда аудан әкімдіктеріне, соның ішінде 2GIS сервисі арқылы хабарлай алады.
«Өтініштер қабылданып, өңделгеннен кейін әкімдік өкілдері бізге тексеретін орындардың мекенжайын жібереді», – деді Камилла Мұқатаева.
Ол вандализмге қарсы акцияларға танымал тұлғаларды тарту жастардың қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Танымал тұлғалардың қатысуы іс-шараларымыздың ауқымын кеңейтіп, акцияларға деген қызығушылықты арттырады деп сенеміз. Осылайша, белсенді жастардың қатарын көбейтіп, оларды ортақ бастамаларға көбірек тарта аламыз», – деді ол.
Бұған дейін Астанада полиция заңсыз жазуларға қарсы күресті күшейткені хабарланған еді.


