14-23 қараша аралығында Астанада ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан жекелеген жаттығулар бойынша Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Республикалық жарыс Тұран даңғылы, 59 мекенжайында орналасқан Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылады.
Ел біріншілігіне 20 команда құрамында 200-ге жуық спортшы қатысады. 13 жастан асқан қатысушылар ауыр атлетиканың жекелеген жаттығулары бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Ерлер сегіз салмақ дәрежесінде сынға түседі: 60, 65, 71, 79, 88, 94, 110 және 110 келіден жоғары. Әйелдер арасында да сегіз салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады: 48, 53, 58, 63, 69, 77, 86 және 86 келіден жоғары.
Чемпионатқа елордалық ауыр атлетика мектебінің өкілдері, атап айтқанда, Едіге Емберді, Аңсар Тұрсынбек, Шынар Емберді, Нұрәділ Темірбек және Ахмет Болат қатысады.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, 14 қарашада командалар келіп, 15 қарашада мандаттық комиссия мен төрешілер алқасының отырысы өтеді. Ал 16-22 қараша аралығында спортшылар түрлі салмақ дәрежелері бойынша өзара бақ сынайды.
17 қараша күні сағат 13:00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі жоспарланған.
Жарыс күндері әр салмақ дәрежесі бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.