Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Ішкі істер органдарының Ардагерлер күніне орай «Заң мен тәртіп: аға буын өнегесі – жас буынға бағдар» атты конференция өтті. Жиында тәлімгерлік институтын дамыту, жас полиция қызметкерлерін тәрбиелеуге ардагерлерді тарту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің төрағалығымен өткен конференцияға ведомство ардагерлері, бұрынғы басшылар, ардагерлер мен тәлімгерлер кеңестерінің өкілдері, сондай-ақ ішкі істер органдары бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Министрліктің мәліметінше, Ішкі істер органдарының Ардагерлер күні былтыр белгіленіп, жыл сайын 10 қарашада аталып өте бастады. Ведомство бұл бағыттағы жұмысты ардагерлерді құрметтеумен қатар, олардың тәжірибесін жас қызметкерлерге үйретуге бағыттап отыр.

Қазір ІІМ жүйесінде 68 тәлімгерлер кеңесі жұмыс істейді. Тәжірибелі ардагерлер жас полицейлерге бекітіліп, олардың кәсіби қалыптасуына көмектеседі. Атап айтқанда, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауға, қызметтік тәртіпті сақтауға және антқа адал болуға баулиды.
Конференцияда «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудағы полиция қызметкерлерінің жауапкершілігіне де назар аударылды. Азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі полицейлердің күнделікті қызметіне, адамдармен қарым-қатынасына және қиын жағдайда көмек көрсетуіне тікелей байланысты екені аталып өтті.

Осы орайда тәлімгерлердің міндеті жас қызметкерлерге кәсіби дағдыларды үйретумен ғана шектелмей, олардың бойына адалдық, заңға құрмет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сіңіру екені айтылды.
Сондай-ақ ІІМ жүйесінде «Тәлімгер және жас қызметкер» байқауы ұйымдастырылмақ. Жыл бойы тәлімгер мен оған бекітілген жас полицейдің бірлескен жұмысы бағаланып, үздік жұптарды келесі Ардагерлер күні қарсаңында марапаттау жоспарланып отыр.
Жиында ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, ардагерлер ұйымдары мен аумақтық ішкі істер органдары арасындағы байланысты нығайту мәселелері де талқыланды. Министр медициналық, әлеуметтік және өзге де көмекке мұқтаж ардагерлерге тұрақты қамқорлық көрсету қажеттігін атап өтті.

Ардагерлер күніне арналған іс-шаралар аясында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алу рәсімі өтті. Қатысушылар ІІМ Мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, әріптестерінің рухына тағзым етті.

Рәсімге құқық қорғау саласының төрт буыны – «Жас сақшы» сыныптарының тәрбиеленушілері, ведомстволық оқу орындарының курсанттары, қазіргі полиция қызметкерлері мен ардагерлер қатысты. Олар бір сапқа тұрып, салтанатты маршпен жүріп өтті.
Мерекелік бағдарлама ардагерлерге арналған концертпен жалғасты. Іс-шара барысында ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, наградалар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бұған дейін Астанада дрондар құрылыс алаңдарындағы заңбұзушылықтарды анықтап жатқаны хабарланған еді.