ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің Жұмыс тобы тең төрағаларының кездесуі өтті. Тараптар еңбек, жұмыспен қамту және көші-қон салаларындағы заңнамалық бастамалар мен алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу Жұмыс тобының шетелдік тараптан жаңа тең төрағасы – «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС бас директоры Габриель Константинді таныстыруға орай ұйымдастырылды. Қазақстан тарапынан жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысты.

Басқосу барысында еңбек, жұмыспен қамту және көші-қон салаларында жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен реформалар, сондай-ақ Жұмыс тобы аясындағы алдағы өзара іс-қимыл бағыттары қаралды.
Атап айтқанда, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар талқыланды. Сонымен қатар жоғары білікті шетелдік мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге визалық қолдау көрсету мәселелеріне назар аударылды.
Бұдан бөлек, еңбек заңнамасына енгізу жоспарланған өзгерістер мен тәлімгерлік институтын реттеу мәселелері сөз болды.

Тараптар заңнамалық бастамаларды әзірлеу және талқылау барысында мемлекеттік органдар мен шетелдік бизнес өкілдері арасында тұрақты диалог орнатудың маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар еңбек және көші-қон заңнамасын жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Министрлік мәліметінше, бұл жұмыс Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға және ел экономикасының орнықты дамуына ықпал етуге бағытталған.
Бұған дейін елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 1,3 мың шетелдік депортацияланғаны хабарланған еді.