Header Banner

Геннадий Головкин Намибия ҰОК басшысымен меморандумға қол қойды

Геннадий Головкин Намибия ҰОК басшысымен меморандумға қол қойды
Фото: ҰОК

Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы аясында Қазақстан мен Намибияның Ұлттық Олимпиадалық комитеттері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатқа Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Намибия ҰОК басшысы Ндеулипула Хамутумва қол қойды.

Қазақстан ҰОК мәліметінше, ынтымақтастық орнату туралы бастаманы Намибия тарапы көтерген. Олар қазақстандық комитеттің спортты басқару, халықаралық жобаларды жүзеге асыру және Олимпиадалық қозғалыс ұйымдарымен байланыс орнату тәжірибесіне қызығушылық танытқан.

Келісім аясында Намибия делегациясының Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында делегация мүшелері Ұлттық Олимпиадалық комитеттің құрылымымен, басқару жүйесімен және жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларымен танысады.

Сонымен қатар тараптар басым спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді көздеп отыр.

Ынтымақтастық аясында спорт федерациялары арасындағы байланысты нығайту, жаттықтырушылар мен мамандар даярлау тәжірибесімен алмасу, спорт медицинасы және допингке қарсы күрес бағыттарында бірлесіп жұмыс істеу жоспарланған.

Меморандум екі елдің Олимпиадалық комитеттеріне кәсіби білім, әдістемелік материалдар және спортты басқару тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік береді.

Келісімді жүзеге асыру үшін тараптар жыл сайын нақты іс-шаралар мен жұмыс бағыттарын қамтитын ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеуі мүмкін.

Бұған дейін Геннадий Головкин Дакарда қазақстандық жас спортшылармен кездескенін жазған едік.