Елордада балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында травматологиялық пункттің жаңа корпусы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа нысан мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, диагноз қоюды жеделдетуге және кішкентай пациенттерді емдеуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Қосымша ғимараттың жалпы ауданы – 2,6 мың шаршы метр. Мұнда реанимациялық зал, операция блогы, компьютерлік томография және рентген диагностикасының кабинеттері қарастырылған. Заманауи медицина жабдықтары қажетті тексеруді жүргізіп, мамандандырылған көмекті қысқа мерзімде көрсетуге мүмкіндік береді.
Медицина мекемесінің жүктемесі жоғары болуына байланысты травматологиялық пунктті кеңейту қажет болды. Мұнда күн сайын түрлі жарақатпен 400-ге жуық бала жүгінеді. Тек 2025 жылдың өзінде 112 775 өтініш тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға артқан.
Айта кетейік, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған стационарлық медициналық көмек көрсетеді. Шұғыл медициналық көмек травматологтар, хирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және диагностикалық қызмет мамандарынан құралған топтың қатысуымен жүзеге асырылады.
Жаңа корпустың ашылуы – Астанадағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін дамытудағы маңызды қадам.
Еске салсақ, елімізде жыл басынан бері елімізде 1 мыңнан астам препарат тіркелді.





