Астанада Халықаралық студенттер күніне орай «JASTAR JALYNY – 2026» студенттік фестивалі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған ауқымды шараға елорданың жоғары оқу орындарында білім алатын жастар қатысып, спорттық, шығармашылық және зияткерлік бағыттар бойынша өзара бақ сынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
16-17 қараша күндері Қазақ ұлттық спорт университетінде өткен фестиваль Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткізілді. Басты мақсат – студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін шыңдау, бастамаларына қолдау көрсету, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту.
Бүгінде Астанада 20 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олардың қатарында әлемдік білім беру кеңістігінде танылған шетелдік университеттердің төрт филиалы бар. Атап айтқанда, Cardiff University, Coventry University, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және МГИМО елордада білім беру қызметін жүзеге асырады.
Қаладағы жоғары оқу орындарында жалпы саны 131 мыңға жуық студент білім алады. Оның ішінде әлемнің әртүрлі елінен келген 5,3 мыңға жуық шетелдік студент бар. Бұл көрсеткіш елорданың халықаралық білім беру және студенттік орта қалыптастырудағы маңызын аңғартады.
Фестиваль бағдарламасы екі күнге жоспарланып, спорттық және шығармашылық бағыттағы 10 номинацияны қамтыды. Қатысушылар өздерінің физикалық дайындығын, өнердегі қабілетін, білім деңгейі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды.
Спорттық бөлімде жастар киберспорт, футзал, волейбол, шахмат және үстел теннисі бойынша сынға түсті. Әр бағытта қатысушылар өз оқу орындарының намысын қорғап, шеберліктерін ортаға салды. Әсіресе командалық ойындар студенттердің ұйымшылдығы мен өзара үйлесімді әрекет ету қабілетін танытуға мүмкіндік берді.
Ал шығармашылық бағдарлама заманауи би, ұлттық қазақ биі, ұлттық музыкалық аспаптарда орындаушылық шеберлік, эстрадалық вокал және Kitap Quiz бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Бұл номинациялар жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мәдени мұра мен заманауи шығармашылықтың сабақтастығын көрсетуге бағытталды.
Фестивальдің ерекше бағыттарының бірі – KITAP QUIZ зияткерлік байқауы. Оның негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, танымдық көкжиегін кеңейту және зияткерлік әлеуетін дамыту. Сонымен қатар байқау Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық идеясын ілгерілетуге үлес қосуды көздейді.
Қазіргі уақытта жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың білімге, спортқа және шығармашылыққа қызығушылығын арттыру маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, «JASTAR JALYNY – 2026» фестивалі студенттердің өз қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беретін мазмұнды алаңға айналды.
Мұндай басқосулар әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттерін ортақ мақсат төңірегінде біріктіріп, тәжірибе алмасуға, жаңа таныстық орнатуға және өзара достық қарым-қатынасты дамытуға жол ашады. Сонымен бірге жастардың бастамашылдығын арттырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді.
Осылайша, «JASTAR JALYNY – 2026» фестивалі елорда студенттерінің таланттары мен жетістіктерін танытып қана қоймай, жастар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуды көздеген маңызды шаралардың бірі болды.
Еске сала кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздегі жоғары білім алу мүмкіндіктерін атады.






