Header Banner

Астанада ауыр атлетикадан ел чемпионаты ресми түрде басталды

Астанада ауыр атлетикадан ел чемпионаты ресми түрде басталды
Фото: Василий Крась

Астана қаласында 16–22 қараша аралығында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында жекелеген жаттығулары бойынша жеке-командалық Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпаздары анықталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Ел біріншілігіне 16 команда құрамында 165 спортшы қатысады. Ерлер сегіз салмақ дәрежесінде сынға түседі: 60, 65, 70, 75, 85, 95, 110 және 110 келіден жоғары. Ал әйелдер 49, 53, 57, 61, 69, 77, 86 және 86 келіден жоғары салмақта жүлдені сарапқа салады.

Бүгін жарыстың ашылу салтанаты өтіп, оған Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан және Ауыр атлетика федерациясың президенті Гаджи Гаджиев қатысты.

«Ауыр атлетика – еліміздің спорт тарихында өзіндік орны бар спорт түрі. Қазақстандық зілтеміршілер халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Әсіресе, әлемдік жарыстарда жарқын жеңістерімен көзге түсіп жүрген жас спортшыларымыздың жетістігі көңіл қуантады.

Елордалық ауыр атлетика мектебінің тәрбиеленушілері де толағай табыстарымен көпшілікке танылып келеді.

Солардың бірі – жасөспірімдер мен жастар арасында үш дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді. Ол 2025 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынып, абсолютті чемпион атанды. Сондай-ақ серпе көтеру мен қоссайыс қорытындысы бойынша Азияның екі рекордын жаңартты.
Елордалық жас зілтемірші Аңсар Тұрсымбек те осы құрлықтық додада жоғары шеберлік танытып, екі күміс медаль жеңіп алды.

Бүгін елордамызда еліміздің 16 командасынан 150-ден астам спортшының басын қосқан Қазақстан чемпионатының өтуі – біз үшін зор мәртебе. Бұл дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін молайтуына, үлкен спортқа нық қадам басуына жол ашады деп сенемін», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан.

Айта кетейік, ел чемпионатының жеңімпаздары 22 қарашада толықтай белгілі болады.