Header Banner

Таяуда барлық өңірде AI форматында цифрлық қызмет көрсету орталықтары ашылады

Таяуда барлық өңірде AI форматында цифрлық қызмет көрсету орталықтары ашылады

Қазақстанда азаматтар цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект көмегімен мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алатын жаңа форматтағы 9 цифрлық кеңсе жұмыс істеп тұр. Олар Астана, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Сәтбаев, Орал, Петропавл, Қарағанды және Тараз қалаларында ашылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгінде мемлекеттік қызметтің 90%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді, азаматтар да қызметтерді қашықтан алуға үйренді. Соңғы жылдары Халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторларына жүгінетін азаматтардың саны 30%-ға қысқарды. Алғаш рет көлікті бастапқы тіркеу, жер телімінің актісі мен жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт беру қызметі де онлайн форматта қолжетімді. Электронды цифрлық қолтаңба алу және тұрғылықты жері бойынша тіркелу қызметі де елімізде толығымен дерлік онлайн көрсетіледі. Тіпті Халыққа қызмет көрсету орталығына келген азаматтар да қызметті оператордың көмегінсіз, өз бетінше алуды жиі таңдайды.

Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету орталығының тұжырымдамасы қайта қаралды. Енді ХҚКО-лар ортақ кезексіз, ашық әрі жайлы кеңістіктерге айналады. Азаматтар қажетті терезені іздеп, оператордың қабылдауын күтудің орнына арнайы терминал немесе мемлекеттік цифрлық сервистерге қолжетімді жұмыс орны арқылы қажетті қызметті өз бетінше таңдай алады.

Цифрлық кеңістік үш аймаққа бөлінген:

– 70%-ы жедел қызмет көрсетуге бағытталған. Мұнда азаматтар eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған терминалдар арқылы қызметтерді өз бетінше алады;

– 20%-ын сараптамалық аймақ құрайды. Мұнда консультанттар азаматтарға цифрлық сервистерді пайдалануға және қажетті рәсімдерден өтуге көмектеседі;

– 10%-ы оқу аймағына бөлінген. Мұнда арнайы оқу сыныбында цифрлық сауатты арттыру және цифрлық сервисті пайдалану бойынша оқытылады.

Жаңа форматтың негізгі құралы – eGov GPT интеллектуалды көмекшісі. Ол диалог форматында азаматқа қажетті қызметті анықтауға, келесі қадамдарды түсіндіруге және қызметті онлайн рәсімдеуді соңғы нәтижеге дейін сүйемелдеуге көмектеседі.

Өзіне-өзі қызмет көрсету форматына көшу мамандардың көмегінен бас тартуды білдірмейді. Әр цифрлық кеңседе консультант жұмыс істейді. Сонымен қатар кеңседе жайлы күту аймағы қарастырылған. Бұдан бөлек, дайын құжатты постаматтан алуға мүмкіндік беретін тәулік бойы жұмыс істейтін аймақты іске қосу жоспарланып отыр.

Алғашқы цифрлық кеңсе 2026 жылғы маусымда Жезқазған қаласында ашылды. Кейін жаңа формат Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында іске қосылды. Бүгінде елімізде осындай цифрлық кеңселердің саны тоғызға жетті.

«Цифрлық кеңселер – жеке жоба емес, жасанды интеллект негізінде құрылған мемлекеттік қызметтің бірыңғай экожүйесінің бір бөлігі. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялай отырып, электрондық үкіметке жасанды интеллектіні енгізу және мемлекеттік сервистердің тиімділігін арттыру міндетін қойды. Біз бұл міндетті жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Қызметтер әрбір азамат үшін барынша қарапайым, жылдам әрі ыңғайлы бола түсуде. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау біз үшін сөзсіз басымдық болып қала береді», – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Еске салсақ, елімізде жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді.