Header Banner

Өмір үшін күрескен кішкентай батырлар: Астанада шала туған сәбилерге қалай күтім жасалады

Бүгін, 15:38
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Өмір үшін күрескен кішкентай батырлар: Астанада шала туған сәбилерге қалай күтім жасалады
фото: Василий Крась

Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада Халықаралық шала туған балалар күніне орай іс-шара өтті. Мұнда дәрігерлер мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерді күтіп-баптаудың ерекшеліктері туралы айтса, ата-аналар балаларының өмірі үшін күрес жолдарын еске алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кездесуге келгендердің бірі – салмағы небәрі 704 грамм болып туған Айым есімді қыздың анасы Фазила. Ол қызының мерзімінен бұрын дүниеге келуі өзі үшін үлкен сынақ болғанын айтты.

«Жүрегімді қорқыныш пен белгісіздік биледі. Балам аман қала ма, жоқ па деген ой мазалады», – деп еске алды Фазила қызы дүниеге келген алғашқы сәттерін.

Босанғаннан кейін бірден сәби жансақтау бөліміне ауыстырылып, онда 25 күн жатты. Оған өкпені жасанды желдету аппаратының көмегі және дәрі-дәрмекпен емдеу қажет болды. Жағдайы тұрақталған соң Айым әрі қарай күтіп-баптау бөліміне ауыстырылды.

Анасының айтуынша, қызын алғаш омырауына басқан сәтін әлі ұмытпайды. Бұл қиын кезеңнен өтуге перзентіне деген сенімі көмектескен. Осындай жағдайға тап болған ата-аналарға Фазила үміт үзбей, сабыр сақтауға кеңес берді.

Елордада шала туған сәбилер қалай күтім жасалады?

№2 қалалық көпбейінді аурухананың жаңа туған нәрестелер патологиясы және күтіп-баптау бөлімінің меңгерушісі, неонатолог-дәрігер Жібек Ұзақованың айтуынша, бөлімшедегі пациенттердің едәуір бөлігін мерзімінен бұрын дүниеге келген балалар құрап отыр.

​

Оның айтуынша, 2025 жылы ауруханада 10 966 сәби дүниеге келген. Жаңа туған нәрестелердің жансақтау және күтіп-баптау бөлімдерінен 866 бала шығарылған. Олардың шамамен 40 пайызы – шала туған сәбилер. Дәрігер келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылы салмағы бір келіден төмен 17 сәби тіркелсе, 2026 жылы олардың саны 34-ке жеткен.

Жібек Ұзақова өз тәжірибесінде салмағы небәрі 465 грамм болып туған сәбиді аман алып қалған жағдайды да еске алды. Нәресте ауруханада бес-алты айға жуық жатқан. Ұзақ уақыт жүргізілген ем мен күтімнің арқасында оны оттегімен демеуге мұқтаж болмайтындай және ауыр асқынусыз үйіне шығаруға мүмкіндік туған.

Дәрігер бөлімшеде жаңа туған нәрестелерді күтіп-баптаудың заманауи әдістері де енгізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, биыл тыныс алуына қолдау қажет балаларға желдету әдісімен қоса респираторлық терапия енгізілген.

Маманның айтуынша, сәбиді аман алып қалу тек медициналық жабдықтар мен ем-домға ғана емес, дәрігерлердің, медбикелердің және ата-аналардың бірлескен жұмысына да байланысты.

Бұл ретте, дәрігер, осындай қиын кезеңнен өткен отбасылармен кездесудің маңызы зор екенін айтты. Олардың оқиғалары жансақтау немесе күтіп-баптау бөлімінде балалары жатқан аналарға зор қолдау болмақ.

​

Алғашқы қадамдар: ата-анамен жылы жүздесу

Бүгін атаулы күнге орай мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың отбасылары мен оларды күн сайын емдеп, күтіп-баптайтын медицина қызметкерлеріне арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Қонақтарға шала туған балалар туралы фильм көрсетілді. Есейіп қалған балалар флешмоб ұсынып, Астана медицина университетінің резиденттері тақырыптық қойылым көрсетті.

​

Іс-шараның ең әсерлі сәттінің бірі – қазақтың дәстүрлі тұсаукесер рәсімі болды.

Сәбидің тұсауын кесу құрметі Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Сыдықбекке ұсынылып, бөбек осы атаулы күнде алғашқы қадамын жасады.

Олжас Дәуренұлы ата-аналар мен медицина қызметкерлерін атаулы күнмен құттықтап, барлық балаға зор денсаулық пен бақытты болашақ тіледі.

​

Ол, сондай-ақ, №2 қалалық көпбейінді аурухана медициналық көмек көрсетумен қатар, әлеуметтік бастамаларды да жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Соның ішінде мерзімінен бұрын туған балалардың отбасыларына арнап жыл сайын осындай іс-шаралар ұйымдастырып отыруы – жас отбасыларға үлкен қолдау екенін айтты.

​

Тұсаукесер рәсіміне іс-шараның арнайы қонағы, белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров та қатысты. Өнер иесі сәбилердің өмір жолының жарқын болуын тілеп, жиналғандарға арнап ән шырқады.

​

Мерекелік шара соңында балалар мен олардың ата-аналарына сыйлықтар табысталды.

​

Мұндай кездесулер медицина қызметкерлерінің еңбегінің жемісін көруге мүмкіндік берсе, сәбилерін аяққа тұрғызуға ұмтылған ата-аналар үшін таптырмас қолдау болары анық.