Жастар ортасында студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, университетке мониторинг тобы жіберіліп, онда студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғау бөлігінде заңнама мен ішкі құжаттар талаптарының сақталуы зерделенеді, сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстың тиімділігі бағаланады.
«Жанжалды жағдайларды анықтау мен алдын алудың, студенттердің өтінішіне уақтылы ден қоюдың және оларға психологиялық көмек көрсетудің қолданыстағы тетіктеріне ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, прокуратура, Полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өкілдерінің, кәсіби психологтар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды», делінген хабарламада.
Жұмыс тобы Алматы қаласындағы жатақханаларға көшпелі іс-шаралар жүргізіп, студенттермен кездесіп, профилактикалық жұмыстар ұйымдастырады.
Министрліктің мәлімдеуінше, негізгі міндет – студенттік ортада «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, тәуекел факторын уақтылы анықтау, жанжалдың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ студенттер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлар қалыптастыру.
Тексеру қорытындысы бойынша студенттер ортасында қауіпсіздікті арттыру және профилактика жүйесін жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді.