Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын, 50 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін отандық электр энергиясын есепке алу құралдарын өндіру жобасын жүзеге асырып жатқан инвестордың құқықтарын қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Батыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Анықталғандай, «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілік компаниясы» ЖШС «Қазақстандық Құбыр Жүйелері» ЖШС («NERO Group» компаниялар тобы) өндірген өнімді қабылдаудан және пайдалануға беруден бас тартып, 6 айдан 12 айға дейін созылатын қосымша өңірлік сынақтардан өткізуді талап еткен.
Алайда инвестор өндірген электр энергиясын есепке алу құралдарының барлық қажетті сертификаттары болғандықтан, оларды қосымша сынақтан өткізу талап етілмейді.
Осыған байланысты прокуратура Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне қадағалау актісін енгізді.
Нәтижесінде өңірлік электр желілік компаниясының міндетті қосымша сынақтардан өткізу туралы талаптары алынып тасталды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде инвестордың құқықтары қалпына келтіріліп, отандық өнімді нарыққа шығаруға кедергі келтірген тосқауылдар жойылды.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада инвестордың құқығын бұзғаны үшін әкім жауапқа тартылғаны туралы жаздық.