Header Banner

Синоптиктер алдағы қыста ауа райы қандай болатынын айтты

Синоптиктер алдағы қыста ауа райы қандай болатынын айтты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Синоптиктер 2026 жылғы желтоқсан – 2027 жылғы ақпан айларына арналған маусымдық ауа райы болжамы жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, желтоқсан айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1–2° жоғары болмақ. Ал Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінің басым аумағында, Жетісу облысының шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында ауа температурасы климаттық нормаға жуық болады деп болжанады.

Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері барлық өңірде климаттық нормаға жуық болмақ.

Қаңтар айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1–2° жоғары болады деп болжанған. Ал Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде және Ақмола облысының солтүстік-батыс бөлігінің басым аумағында ауа температурасы климаттық нормаға жуық болады.

Қаңтар айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық нормаға жуық болмақ. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжанады.

Ал Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс бөлігінің басым аумағында, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы ықтимал.

Ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1–3° жоғары болады деп болжанады. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығыс бөлігінің жартысында, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігінде ауа температурасы климаттық нормаға жуық болады деп күтіледі.

Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан көп болады деп болжанады. Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарында, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Ұлытау облысының басым бөлігінде, Ақмола облысының қиыр оңтүстік-батысында, Қарағанды және Жамбыл облыстарының қиыр батысында жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жуық болады.

Ал Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс бөлігінің басым аумағында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болмақ.