Header Banner

«Заң мен тәртіп»: елордада зейнеткерлерге құқықтық дәріс ұйымдастырылды

Бүгін, 15:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Заң мен тәртіп»: елордада зейнеткерлерге құқықтық дәріс ұйымдастырылды
Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Астана қаласыныі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Алматы» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған танымдық дәріс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге «Серпін» ұлттық қоғамдық қорынан адвокат, заңгер, заң консультанты Белгібай Сахариев қатысып, аға буын өкілдеріне қолданыстағы заңнама талаптары мен құқықтық нормалар туралы түсіндірме берді.

Дәрістің негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, заң талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Кездесу барысында заң мен тәртіп қағидатын күнделікті өмірде ұстанудың маңызы, әр азаматтың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ кейінгі ұрпаққа заңға бағыну мен жауапкершіліктің үлгісін көрсету мәселелері сөз болды.

Іс-шараға 40-тан астам зейнеткер қатысып, өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Қатысушылар, әсіресе, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған айыппұл мөлшері, ұсақ құқық бұзушылықтарға қатысты жауапкершілік және заңнамадағы соңғы өзгерістер жөнінде сұрақтар қойды.

​

Заңгер әр сауалға түсініктеме беріп, құқықтық кеңестерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің маңызы зор. Себебі құқықтық сауаттылық – азаматтардың өз құқықтарын қорғауына, заң талаптарын білуіне және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды құрал.