Header Banner

Елордада әжелер шала туған сәбилерге арнап жылы киімдер тоқыды

Бүгін, 16:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада әжелер шала туған сәбилерге арнап жылы киімдер тоқыды
Фото: ұйымдастырушылардан

17 қараша – Дүниежүзілік шала туған балалар қорғау күні. Бұл күні мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетуге ерекше назар аударылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы күнге орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Сарыарқа» ауданы бойынша бөліміндегі арт-терапия үйірмесінің еріктілері Ана мен бала орталығына барып, жаңа туған сәбилерге арнап табиғи жүннен тоқылған бұйымдарды табыстайды. Биыл да қатысушылар өз қолдарымен тоқыған жылы киімдерін алып келген. 

Табиғи жүннен жасалған жұмсақ бұйымдар жылуды сақтауға және сәбилердің жайлылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Дегенмен, белсенділер, шала туған балаларға арналған барлық бұйымдар медициналық талаптар мен мамандардың күтім жөніндегі ұсынымдарына сай болуын да естен шығармайды. 

Еріктілерді Неонатология бөлімінің меңгерушісі  Гүлнәр Тартаева қарсы алды. Ол қатысушылардың игі бастамасын жоғары бағалап, ең кішкентай пациенттерге көрсетіп жүрген қамқорлықтары мен жыл сайынғы қолдаулары үшін алғысын білдірді.

«Бұл бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қамқорлық пен мейірімділіктің маңызын көрсететін игі дәстүрге айналды. Өйткені кішкентай ғана жақсылықтың өзі үлкен мәнге ие», - дейді ұйымдастырушылар.