Астанада вандализм және қалалық мүлікті бүлдіру деректеріне бақылау күшейтілді. Құқық бұзушыларды анықтау үшін полиция бейнебақылау камерасы мен дронды пайдаланады. Жыл басынан бері елордада мүлікті бүлдіру және вандализмге қатысты 200-ден астам дерек тіркелген, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, кКөбінесе вандалдардың әрекетінен аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарнама құрылымдары зардап шегеді. Сондай-ақ тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі бейнебақылау камерасы мен лифт жабдықтарын бүлдіру де тіркеліп отыр.
Мұндайдың алдын алу үшін елордалық полицейлер қоғамдық орындардағы мониторингті күшейтті. Бақылау бейнекамерасы арқылы жүзеге асырылса, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін дрондар қолданылады.
Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Құқық бұзушылықтың сипатына қарай кінәлілерге айыппұл салынуы, әкімшілік қамаққа алынуы, сондай-ақ келтірілген шығынды өтеу міндеттелуі мүмкін.
Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатыр.
Полицейлер тұрғындарды вандализм деректеріне бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдық немесе жеке мүліктің бүлінгенін байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарлау қажет.

Айта кетейік, Астанада «Вандализмге жол жоқ» акциясы жүргізіліп жатыр. Оған қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, мәслихат депутаттары, волонтерлер мен полиция қызметкерлері қатысуда.
Акцияға қатысушылар елорданың қоғамдық орындарында күндізгі және түнгі рейдтер өткізіп, тұрғындарға мүлікті бүлдіргені үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіреді. Сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарауға шақырады.