Header Banner

Павлодарда полицейлер 2 млн теңгенің алаяқтарға аударылуына жол бермеді

Павлодарда полицейлер 2 млн теңгенің алаяқтарға аударылуына жол бермеді
Фото: pexels.com

Павлодар қаласында патрульдік полиция қызметкерлері көше бойында жылап келе жатқан қызды байқайды. Ол полицейлерге белгісіз адамдардың нұсқауымен 2 млн теңгені басқа шотқа аударып, ақшаның өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі қажет екенін айтқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары Дархан Мақажанов пен Еламан Кәрімовтің жедел әрекетінің арқасында қыздың алаяқтарға алданып, шығынға ұшырауына жол берілмеді.

Қала тұрғынының айтуынша, белгісіз адам алдымен телефон соғып, SIM картаның қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтып, SMS кодты сұраған. Кейін оның нөмірі арқылы екі шот ашылып, оларға алаяқтық жолмен ақша аударылып жатқаны хабарланған. Осыдан соң оған барлық жинақ ақшасының өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі керектігі, әйтпесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылған.

Психологиялық қысымға ұшырап, абдырап қалған қыз үйінен шығып, 2 млн теңгені белгісіз адамдар көрсеткен шотқа аудару үшін банкке бет алған.

«Әңгіме біраз уақытқа созылып, қатты қобалжыдым. Бағыма орай, жолда полицейлерді кездестірдім. Олар мені мұқият тыңдап, сабырға шақырды. Дереу тексеру жүргізіп, банктерге хабарласты. Нәтижесінде менің атыма ешқандай кредит рәсімделмегені анықталды. Сондай-ақ алаяқтардың әрекетінен қорғану үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосуға көмектесті», – деді қала тұрғыны.

Полиция азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға SMS код пен жеке деректерді бермеуге, күмәнді талаптар бойынша ақша аудармауға және осындай жағдайда дереу полицияға хабарласуға шақырады.

Айта кетейік, өңірде интернет алаяқтықтың 1 337 дерегі тіркелген. Полиция SIM карталарды заңсыз іске қосумен және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан адамдарды ұстады. Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM карта, 39 банк картасы және екі SIM box құрылғысы тәркіленді.

Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталды. Олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар.

Еске салсақ, алаяқтар қазақстандықтардың ақшасын иемдену үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметкерлерінің атын жамылып жүр.