Қазақстан қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жер көлемі бойынша әлемде үшінші орынға ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Nature’s Comeback» атты алғашқы жаһандық баяндамасына сәйкес, елімізде мұндай жұмыстар 8,13 млн гектар аумақты қамтиды. Бұл республика аумағының шамамен 3 пайызына тең, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған баяндама БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығының бірлесуімен әзірленген. Баяндамадағы деректерге сәйкес, тозған жерлерді қалпына келтіру шараларымен қамтылған жер көлемі бойынша Қазақстан тек Қытайдан (127,4 млн гектар) және Моңғолиядан (12,18 млн гектар) кейін тұр.
Жерді қалпына келтіру шараларын іске асырумен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану бағытындағы жұмысты жүйелі түрде күшейтіп келеді. Бұл ретте топырақтың жай-күйін бағалауға, тозған жер учаскелерін анықтауға және мониторинг жүргізудің цифрлық құралдарын енгізуге ерекше назар аударылуда.
«2025–2026 жылдары 114 млн гектар аумақ жердің тозу үдерісін көрсететін электронды картаға енгізілді. Зерттеу нәтижесінде 2,7 млн гектар тозған ауыл шаруашылығы алқаптары анықталды. Бұл деректер жердің жай-күйін бағалауға, басымдық берілетін аумақтарды айқындауға, сондай-ақ жердің тозуының алдын алу және топырақ құнарлылығын сақтау жөніндегі нысаналы шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Осы бағытта мемлекеттік саясатты жетілдірудің маңызды кезеңінің бірі – 2026 жылғы 8 шілдеде Қазақстанның «Топырақты қорғау туралы» заңының қабылдануы деуге болады. Аталған құжат топырақты зерттеу, қорғау және қалпына келтірудің құқықтық тетіктерін бекітіп, жер ресурстарын жүйелі түрде қорғаудың заңнамалық негізін қалыптастырады.
Қазіргі уақытта министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, топырақты қорғау саласындағы өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеуде. Бұл жоспарлар жердің тозу үдерістерінің алдын алуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қалпына келтіруге және олардың өнімділігін сақтауға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Осылайша, Қазақстан экожүйелерді қалпына келтірудің халықаралық тәсілдерін цифрлық мониторинг, заңнаманы жетілдіру және өңірлік жоспарлауды ұштастыра отырып, жер ресурстарын басқару жүйесін кезең-кезеңімен нығайтып келеді.
Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында топырақты талдау және жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың Бірыңғай базасына енгізілген тұрақтандырғыштарды сынау жұмыстары басталды.
Еске сала кетсек, елімізде зерттелген аумақтардағы нақты тозған жер көлемі 2,7 млн гектар болды.