Қазақстанға Аустралиядан 250 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мал Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға жеткізіліп, заңнамада белгіленген ветеринариялық рәсімдерден өтті. Еліміздің ветеринариялық талаптарына сәйкес, мал 21 күн бойы карантинде ұсталды.
Осы кезеңде мамандар жануарлардың физиологиялық жағдайын кешенді бағалап, әрқайсысын тексеруден өткізді. Жұқпалы аурулардың клиникалық белгілерінің жоқтығы және ветеринариялық ілеспе құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілді. Сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударылды.
Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Бударино ауылында орналасқан «Amaner-IZI» шаруашылығына апарады», - делінген хабарламада.
Асыл тұқымды малды әкелу шаруашылықтың табындық-генетикалық қорын кеңейтіп, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге тың мүмкіндік бермек.
Герефорд пен Абердин-Ангус тұқымдары жоғары ет өнімділігімен және жергілікті жағдайға бейімделу қасиеттерімен ерекшеленеді. Сондықтан мамандар ірі қараны етті бағыттағы мал шаруашылығында кеңінен қолдануға болатынын айтып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ерейментауға Аустралиядан мың бас асыл тұқымды қой жеткізілгені туралы жаздық.