Елімізге Ресейден әкелінген 22 тонна бидай кебегі кері қайтарылды

Бүгін, 13:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізге Ресейден әкелінген 22 тонна бидай кебегі кері қайтарылды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Батыс Қазақстан облысының «Сырым» және «Шаған» ветеринариялық бақылау бекеттерінде жүк көліктерін тексеру барысында екі дерек бойынша ветеринариялық-санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

«Сырым» ветеринариялық бақылау бекеті инспекторлары Ресей Федерациясының Самара облысынан Түркістан облысының Бәйдібек ауданына 22 тонна бидай кебегін жеткізуге бара жатқан жүк көлігін тексерді.

«Тексеру барысында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңірдің фитосанитариялық инспекторларымен бірлесіп, үш бірдей заңбұзушылықты анықтады», - делінген ақпаратта.

Атап айтқанда, жүкке арналған ветеринариялық ілеспе құжаттар мен таңбалау болмаған. Сонымен қатар өнімді міндетті термиялық өңдеуден өткізу талабы да орындалмаған. Нәтижесінде жүк кері қайтарылып, көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Сондай-ақ «Шаған» ветеринариялық бақылау бекетінде де Атырау облысынан Ресей Федерациясының Уфа қаласына балық өнімдерін тасымалдаушы көлікті тексеру кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттардың жоқтығы белгілі болды. Осыған байланысты көлік құралы да сол елге кері қайтарылды.

Тасымалдаушыларға Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» шешімінде көзделген міндетті ветеринариялық-санитариялық талаптар түсіндірілді.

«Қабылданып жатқан шаралар белгіленген талаптарды сақтамай өнімді ел аумағына кіргізуге жол бермеуге, ішкі нарықты ықтимал қауіпті өнімдерден қорғауға, сондай-ақ еліміздегі ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», - деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Еске салсақ, ЕАЭО елдерінде жүк тасымалдауға қойылатын талаптар күшейтілді.