Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жүк тасымалын бақылауға арналған навигациялық пломбаларды міндетті түрде қолдану аясы кеңейтілді. Жаңа талаптар автомобиль және теміржол арқылы тасымалданатын тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Комитет мәліметінше, 2026 жылғы 31 шілдеден бастап навигациялық пломбаларды енгізудің екінші кезеңі басталған. Соған сәйкес, мұндай құрылғылар міндетті түрде қолданылатын тасымал түрлерінің тізбесі ұлғайтылды.
Атап айтқанда, ЕАЭО аумағы арқылы транзитпен өтетін жеңіл автомобильдер мен ашық жүк платформаларында тасымалданатын тауарлар да навигациялық пломбалар арқылы қадағалануға тиіс. Бұл талап автовозбен тасымалданатын жеңіл көліктерге де қатысты.
Дегенмен Қазақстан аумағынан жүзеге асырылатын кейбір тасымалға ерекшеліктер қарастырылған. Мәселен, өздігінен жүріп өткізілетін жеңіл автомобильдер мен ашық жүк бөліктерінде тасымалданатын жекелеген тауарларға пломба салынбауы мүмкін. Алайда мұндай ерекшелік ЕАЭО аумағы арқылы транзитпен өтетін жүктерге автоматты түрде қолданылмайды.
Еуразиялық экономикалық комиссияның түсіндірмесіне сәйкес, заңнамада көзделген ерекшеліктерге жатпайтын тасымалдарда навигациялық пломбаларды қолдану міндетті.
Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушыларды, экспедиторларды, экспорттаушылар мен импорттаушыларды белгіленген талаптарды сақтауға шақырды.
Ведомствоның ескертуінше, транзиттік жүк жеткізу орнына навигациялық пломбасыз келген жағдайда, ЕАЭО-ға мүше бірқатар мемлекетте әкімшілік айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері 35 мың рубльден басталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысындағы «Үрлітөбе» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ресейден бидай кебегі ретінде көрсетілген бидайды Қазақстанға кіргізу әрекетінің жолы кесілгені хабарланған еді.