Маңғыстауда жер қойнауын пайдаланушылардан 226 млн теңгеден астам қаржы өндірілді

Маңғыстауда жер қойнауын пайдаланушылардан 226 млн теңгеден астам қаржы өндірілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Маңғыстау облысында жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді бұзуы салдарынан мемлекет пайдасына 226,6 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру саласында жұмыс істейтін 118 жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауын зерделеген.

Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтарға жол берген кәсіпорындарға қатысты прокурорлық қадағалау шаралары қабылданып, мемлекет пайдасына 226,6 млн теңге өндірілді.

Сонымен қатар сот шешімімен екі жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары тоқтатылды. Кадастрлық құны 175,7 млн теңге болатын екі жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Прокуратура жер қойнауын пайдалану саласында мемлекет мүддесін қорғау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Қостанайда пайдаланылмаған 3 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғаны хабарланған еді.