Астанада автобус жолақысын 150 теңгеге көтеру ұсынылды

Астанада автобус жолақысын 150 теңгеге көтеру ұсынылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада желтоқсан айының ортасынан бастап қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кездегі жолақыны 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта елордада автобуспен жүру құны 110 теңгені құрайды.

Астанада қоғамдық көлік жолақысы 2014 жылы 90 теңге болып белгіленген. Содан бері тариф бір рет қана қайта қаралып, 110 теңгеге дейін көтерілген.

Осы кезеңде тасымалдаушылардың негізгі шығындары айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге жеткен. Яғни отын бағасы үш еседен астам қымбаттаған.

Автобус жүргізушілерінің еңбекақысы да өскен. 2014 жылы олардың орташа жалақысы 100-150 мың теңге болса, бүгінде автобус санаты мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден басталады.

Бұдан бөлек, қосалқы бөлшектердің, автокөлік шиналары мен аккумуляторлардың, автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ жаңа көліктердің құны артқан.

«Соған қарамастан, елордада қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай келетін 1127 жаңа автобус сатып алған», – делінген хабарламада.

Әкімдіктің хабарлауынша, 2026 жылы қолданыстағы әдістеме бойынша есептелген бір жолаушыны тасымалдаудың орташа құны қазіргі жолақыдан едәуір жоғары.

Осыған байланысты қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, автобус паркін одан әрі жаңарту және маршруттық желіні дамыту мақсатында желтоқсанның ортасынан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезіндегі жолақыны 150 теңге етіп белгілеу ұсынылып отыр.

Қоғамдық көлікте кімдер тегін жүреді?

Елордада тұрғындардың жекелеген санаттарына арналған әлеуметтік жеңілдіктер сақталады. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы төмендегі санаттағыларға беріледі:

– Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар;

– Жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнеткерлер, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа жеткен, жасына немесе асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

– Көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;

– Мүгедектігі бар адамдар;

– 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар және олардың ата-анасының немесе заңды өкілінің бірі;

– 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, заңнамаға сәйкес ақталған азаматтар.

Сонымен қатар 2020 жылдың наурызынан бастап Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Ұсынылып отырған тариф өзгерісі аталған әлеуметтік жеңілдіктерді алып тастауды көздемейді.

Бұған дейін Астанада қалалық бағдарлардағы автобустың саны артатыны хабарланған еді.