Астана халықаралық әуежайы әуе кемелеріне базалық әуе айлақта тұрақ орнын ұсыну қызметінің тарифін қайта қарау рәсіміне бастамашылық жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әуежай әкімшілігінің түсіндіруінше, қолданыстағы тариф әуе кемесінің ең жоғары ұшу салмағының бір тоннасына тәулігіне 72,05 теңге ретінде белгіленген, ол баға 2006 жылғы 1 желтоқсаннан бері өзгеріссіз қалып отыр. 20 жылға жуық уақыт ішінде әуе айлақ инфрақұрылымын күтіп-ұстауға, материалдарға, жанар-жағармайға және қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығын айтарлықтай өсті.
Тарифті қайта қарау Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Көлік министрінің 2026 жылғы 16 наурыздағы № 66 бұйрығымен бекітілген Реттеліп көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес, халықаралық бағыттарды қоспағанда, әуе кемесіне базалық әуе айлақта тұрақ орнын ұсыну әуежай қызметі саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатады.
«Тарифті қайта қарау қажеттілігі, ең алдымен, қолданыстағы тарифтің экономикалық тұрғыдан негізсіз болуына байланысты. Пайдалану шығындарының тұрақты өсуіне қарамастан, аталған тариф жиырма жылға жуық уақыт бойы өзгермеген. Осы кезеңде әуе айлақ инфрақұрылымын күтіп-ұстау және жөндеу, арнайы техникаларға қызмет көрсету, материалдар мен жанар-жағармай сатып алу шығындары едәуір артты. Қазіргі уақытта аталған қызметті көрсетуден түсетін кірістер әуежайдың нақты шығындарын өтемейді», делінген хабарламада.
Заңнамада белгіленген рәсім аясында әуежай 2027–2031 жылдарды қамтитын бес жылдық кезеңге арналған тарифтерді бекіту жөнінде өтінім дайындады. Бұл жұмыс ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасын орындау шеңберінде берілген Азаматтық авиация комитетінің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Атап өту маңызды, бұл бастама барлық әуежай алымдарына қатысты емес. Әңгіме тек халықаралық бағыттарды қоспағанда, әуе кемелеріне базалық әуе айлақта тұрақ орнын ұсыну бойынша жеке реттеліп көрсетілетін қызметтің тарифін қайта қарау туралы болып отыр. Ұсынылып отырған тарифті қайта қарау экономикалық тұрғыдан негізделген шығындарды өтеуге, әуе айлақ инфрақұрылымын тиісті деңгейде күтіп-ұстауға, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуге және аталған қызметті көрсетуге пайдаланылатын жабдықтарды жаңартуға бағытталған», - деп түсіндіреді әуежай өкілдері.
Сонымен қатар, 2027–2031 жылдарға арналған тарифтік реттеу шеңберінде инвестициялық бағдарламаны іске асыру көзделіп отыр. Бағдарлама аясында әуе айлақ жабындарының жай-күйін бақылауға арналған жабдықтар мен оларға қызмет көрсетуге қажетті арнайы техникаларды сатып алу жоспарланған.
Тарифтерді бекіту туралы түпкілікті шешімді Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды.
Еске сала кетсек, Астана әуежайына бір мың аустралиялық асыл тұқымды қой Boeing-пен жеткізілді.