Биылғы он айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,9 трлн теңгеге жетіп, 5,2%-ға өсті. Мемлекеттік қолдау өндірісті кеңейтуге, ауылшаруашылық техникасын жаңартуға және фермерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің мәліметінше, 25 мыңдай субъект субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаумен қамтылды. Бұл ретте субсидия алушылардың 90%-ға жуығы шағын және орта шаруашылық. Субсидиялау шығынды өтеу екенін атап өткен жөн. Шаруашылықтар алдымен сапалы тұқым мен техника сатып алады, қажетті минералды тыңайтқыштарды енгізіп, өсімдіктерді қорғау құралын қолданады. Содан кейін олардың нақты жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеледі. Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі қаражатты бөлудің ашықтығын арттыру үшін жаңғыртылады.
«Биыл жеңілдікпен берілетін кредит көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Өндірушілерді қамтуды кеңейту үшін кредит берудің алты арнасы іске қосылған. Кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі жеткіліксіз шаруашылықтар үшін қарыздарға кепілдік беру тетігі қолданылады. 2027 жылғы маусымды ерте қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау 1 қазанда басталды», - деп атап өтті министр.
Еске салсақ, Қазақстан тозған жерлерді қалпына келтіру ауқымы бойынша әлемдегі үздік үш елдің қатарына енді.