Header Banner

Қазақстанда өндіріс көлемі 10 айда 9,3%-ға өсті – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Қазақстанда өндіріс көлемі 10 айда 9,3%-ға өсті – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында айтылған отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде 2026 жылы елімізде жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу», - деді министр.

Министрдің айтуынша, барлық жобаларды жүзеге асыру 17 мыңнан астам жұмыс орнын, оның ішінде ауылдық жерлерде 5,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.

«Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалып жатыр. Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандажы, шойын доңғалақ, престеу жабдығы, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машинасына арналған алюминий капсула бар», - деді министр.

Мемлекеттің қолдау шараларын нақты өндіріске бағыттауда Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі маңызды рөл атқарады. Бүгінде тізімде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен бірігуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді.

Еске сала кетсек, Үкіметте отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралып жатыр.