Header Banner

Ерболат Сейлеханов: Президент Жолдауында орта держава дамуының стратегиялық бағдарлары жайлы мәлімдеді

Ерболат Сейлеханов: Президент Жолдауында орта держава дамуының стратегиялық бағдарлары жайлы мәлімдеді
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында елдің экономикалық әлеуетін арттыру, технологиялық жаңғыру және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы стратегиялық міндеттер айқындалды. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және әлеуметтік саясатты жаңарту бастамалары Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл міндеттер елдің орта держава ретіндегі мәртебесін бекіту тұрғысынан да маңызды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлеханов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында экономикалық дамуды жеделдетуге және мемлекеттің ішкі саяси жаңғыруына бағытталған өзекті міндеттердің тұтас кешені қамтылған. Олардың қатарында өнеркәсіп пен цифрлық индустрияның негізі саналатын энергетика секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, транзиттік-көліктік және логистикалық әлеуетті арттыру, азаматтық инфрақұрылымды салу мен жаңарту, мемлекеттік қызметті реформалау және әлеуметтік саясаттың атаулылығын күшейту бар. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізу, инвестиция тарту және отандық шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бұл бастамалардың барлығы қуатты әрі өркендеген Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған. Олардың елдің ішкі дамуымен қатар, сыртқы саяси өлшемі де бар. Халықаралық саясатта орта держава мәртебесін айқындайтын бірыңғай өлшемдер қалыптаспағанымен, оны сипаттайтын екі негізгі көрсеткішті атап өтуге болады. Біріншісі – экономикалық және технологиялық даму деңгейі, екіншісі – халықаралық үдерістерге ықпал ету мүмкіндігі», – деді сарапшы.

Ерболат Сейлехановтың пікірінше, Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейдегі орны бірқатар экономикалық көрсеткіш пен халықаралық бастамалар арқылы айқындалады. Халықаралық сарапшылар елімізді Орталық Азиядағы елеулі ықпал ету әлеуетіне ие мемлекет ретінде қарастырады. Осыған байланысты әлемнің жетекші елдері Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға мүдделі.

Сарапшы еліміздің экономикалық әлеуетіне де тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, Қазақстан жалпы ішкі өнім көлемі 397 млрд АҚШ долларымен әлемдегі жетекші 50 экономиканың қатарына кіреді. Сонымен қатар еліміз мұнай, уран, астық пен ұн экспортында маңызды орынға ие. Қазақстанның табиғи ресурстарға бай болуы және Еуразиядағы негізгі транзиттік тораптардың бірі саналуы да экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

«Қазақстанның жаһандық технологиялық бәсекеге қосылу бағытындағы жұмысы да халықаралық қызығушылық тудырып отыр. Атап айтқанда, деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, цифрлық экожүйе қалыптастыру және ресурстық экономикадан білім экономикасына көшу арқылы зияткер ұлтқа айналу міндеттері маңызды.

NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың биылғы 23 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі барысында Қазақстанды физикалық жасанды интеллектінің әлемдік хабына айналдыру бастамасын көтеруі де осы үдерістің бір көрінісі. Физикалық жасанды интеллект – жасанды интеллект технологияларын робот техникасымен және нақты әлемдегі өндірістік процестермен ұштастыратын бағыт.

Дегенмен қол жеткізілген жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Мемлекет басшысының әлемдік даму қарқынынан қалып қоймау жөніндегі ескертуі маңызды. Сондықтан Президент Жолдауын жаңа тарихи кезеңде Қазақстанның орта держава ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған стратегиялық іс-қимыл бағдарламасы ретінде қарастыру қажет», – деп атап өтті Ерболат Сейлеханов.

Сарапшының пайымдауынша, бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан экономикалық моделін түбегейлі жаңғыртып, шикізаттық бағыттан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге көшуі керек. Бұл ретте өнеркәсіпті технологиялық қайта жарақтандыру, инвестициялық әріптестікті кеңейту және креативті индустрияны дамыту маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар өндіріс көлемін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу экономикалық өзгерістердің әлеуметтік нәтижесін қамтамасыз етуге тиіс. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың тұрақты табысын арттырып, ішкі нарықтың сұраныс көлемін кеңейтеді. Ал экономиканың әртараптандырылуы Қазақстанның әлемдік шаруашылық жүйесіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сарапшы елдің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуде энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына да назар аударды. Оның айтуынша, жаһандық бәсекенің күшеюі мен әлемдік даму болжамдарының күрделенуі жағдайында энергетикалық егемендік мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттық мүдделерін қорғаудың маңызды шартына айналып отыр.

«Энергетикалық қауіпсіздік энергетикалық тапшылықтың алдын алуға бағытталған жоспарларды толық орындауды талап етеді. Бұл – атом және жылу электр станцияларын салу, қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту, сонымен қатар баламалы энергия көздерін барынша пайдалану деген сөз.

Осы тұрғыда Қытайдың тәжірибесіне назар аударуға болады. Бұл ел жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қомақты инвестиция салып қана қоймай, торий негізіндегі энергетикалық қондырғылар мен термоядролық синтез реакторлары сияқты жаңа технологияларды да зерттеп жатыр. Қазақстан үшін де энергетика саласындағы технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтіп, ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды», – деді ол.

Ерболат Сейлеханов Қазақстанның халықаралық ықпалын арттыруда көлік-транзиттік әлеуетті тиімді пайдаланудың да маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық нарықтармен байланыстыратын көлік дәліздерін дамыту тек транзиттік табысты арттырумен шектелмейді. Бұл еліміздің жаһандық өндіріс пен жеткізу тізбектеріне қосылуына, халықаралық саудадағы дербес экономикалық субъект ретіндегі рөлін күшейтуіне мүмкіндік береді.

Сарапшы орта державалардың тағы бір ерекшелігі әлеуметтік саясатпен және азаматтардың әл-ауқатын арттырумен байланысты екенін жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық ықпалы ұлы державалармен салыстырғанда шектеулі мемлекеттер үшін әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтардың өмір сапасы елдің халықаралық беделін қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі саналады.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент жариялаған азаматтық инфрақұрылымды ауқымды салу және жаңарту бастамаларының стратегиялық мәні бар. Мұндай жобалар халықтың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісімді нығайтуға ықпал етеді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік аппаратты түбегейлі қайта құрмайынша, алдымызға қойылған мақсаттарға толыққанды қол жеткізу қиын. Қазақстанда саяси реформалар мен жаңа Конституция негізінде мемлекеттік басқарудың сапасын арттыру міндеті тұр.

Бұл ретте Good Governance, яғни тиісті басқару қағидаттарын тәжірибеге енгізудің маңызы зор. Олардың қатарында ашықтық, есептілік, заң үстемдігі, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы, теңдік пен инклюзивтілік, жеделдік, тиімділік және нәтижелілік бар. Мемлекеттік басқару жүйесін осы қағидаттарға сәйкес жетілдіру оның ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет. Әсіресе мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін арттырған жөн. Өйткені олар мемлекеттік органдардың қызметіне сараптамалық-талдамалық тұрғыдан баға беріп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуда маңызды орын алады», – деп түсіндірді сарапшы.

Ерболат Сейлехановтың айтуынша, мемлекеттік басқаруды жаңғырту экономикалық өсімді қамтамасыз етумен ғана шектелмеуі керек. Оның түпкі нәтижесі азаматтардың әл-ауқатын арттырудан, қоғамдық институттардың тиімділігін күшейтуден және мемлекеттің тұрақты дамуына жағдай жасаудан көрінуі тиіс.

Сарапшының пайымдауынша, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық тәуелсіздікті нығайту, технологиялық жаңғыру, транзиттік әлеуетті пайдалану және мемлекеттік басқару сапасын арттыру өзара байланысты міндеттер саналады. Оларды жүйелі жүзеге асыру Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтып, орта держава ретіндегі мәртебесін қамтамасыз етуге негіз болады.