Header Banner

Қазақстан отандық құрылыс материалдарының үлесін үш жылда 80%-ға дейін ұлғайтады

Қазақстан отандық құрылыс материалдарының үлесін үш жылда 80%-ға дейін ұлғайтады
Фото: Magnific.соm

Ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі үш жыл ішінде қазіргі 73%-дан 80%-ға дейін ұлғаяды. Ол үшін жаңа өндірістерге инвестициялар тарту және құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде қазақстандық өнімнің басымдығын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жергілікті өндірісті кеңейту үшін жылу оқшаулағыш және керамикалық плиталар, композиттік және қаптау материалдарын шығаруда айтарлықтай әлеует бар.

«Мемлекет басшысының 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді. Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнімге тиесілі. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады», - деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің мәліметінше, он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті.