Қазақстанда мұнай-газ саласында барынша сұранысқа ие түпнұсқа тауарлардың әлемдік және қазақстандық өндірушілерімен бірлесіп 15 жаңа өндірісті локализациялау жүргізіліп жатыр. Жобалардың жалпы құны 37,7 млрд теңге. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобалар мұнай-газ саласында сұранысқа ие өнім шығаруды кеңейтуге, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірістік құзыреттерді дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
«Мұнай-газ саласында барынша сұранысқа ие түпнұсқа тауарлардың әлемдік және қазақстандық өндірушілерімен бірлесіп, 37,7 млрд теңгеге 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ ел ішінде қосылған құны жоғары тауарларды өндіру және оларды шығару бойынша құзыреттілікті сатып алуды қамтамасыз етеді», - деді Ерлан Ақкенженов.
2022–2025 жылдар аралығында Қазақстанда 7,9 млрд теңге сомасына 10 өндіріс локализацияланды, 350-ден астам жұмыс орны ашылды. Жеке бағыт — халықаралық сертификаттаудан өту кезінде отандық өндірушілерді қолдау.
«Тиісті сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу шегін 3 000-нан 15 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жұмысы жүргізілді. Бұл отандық кәсіпорындарға 60 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі шығынын өтеп алуға мүмкіндік береді және сәйкесінше қазақстандық өндірушілерге үш ірі оператордың жеткізу тізбегіне шығуға, сондай-ақ өнімдерді шетелге экспорттық жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік ашады», - деді Ерлан Ақкенженов.
Механизм қазірдің өзінде саланың экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етті. Бүгінгі таңда мұнай-газ секторының 7 отандық тауар өндірушісінің Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдерінің нарықтарына өнімді экспорттық жеткізу тәжірибесі бар.
Еске сала кетсек, елімізде өндірістік тізбектерді локализацияны тереңдету үшін өңдеу өнеркәсібіне кластерлік тәсіл енгізілді.