Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту, жасанды интеллектіні дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді. Бұл бағыттардың маңызы туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Назгүл Шыңғысова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen Qazaqstan-ға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларының қай-қайсысы да өзектілігімен және маңызды міндеттерді шешуге бағытталуымен ерекшеленеді. Президент жыл сайынғы Жолдауларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша мән беріп келеді. Соның ішінде экономиканы жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамытудың маңызын үнемі атап көрсетеді.
Қазір осы бағытта бірқатар нақты қадам жасалды. Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қабылданды, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы деп жарияланып, «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданды. Жауапкершілік пен бақылау қағидаттары бекітіліп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары күшейтілді.
Мемлекет басшысы экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғыртуда білім беру саласының айрықша рөл атқаратынын үнемі айтып келеді. Бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін білім беру жүйесін заман талабына сай жетілдіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау қажет. Бұл міндеттер отандық ғалымдарға жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді», – деді профессор.
Назгүл Шыңғысованың пікірінше, жасанды интеллектінің білім беру жүйесіне ықпалы артып келе жатқан кезеңде оның мүмкіндіктерін ғана емес, қазақстандық білім беру ортасындағы қолданылу ерекшеліктерін де ғылыми тұрғыдан зерттеу маңызды.
«Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы жаһандық үдеріске айналды. Бұл өзгеріс жоғары білім беру жүйесіне де ықпал етіп отыр. Ендігі міндет – жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізіп қана қоймай, оның тиімділігін ғылыми тұрғыдан негіздеу.
Әрине, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулері, одан туындайтын қауіп-қатерлер қазір ғылыми ортада кеңінен талқыланып жүр. Алайда зерттеулерде көбіне шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесіне басымдық беріледі. Ал Қазақстанның білім беру жүйесіне тән ерекшеліктерді, отандық аудиторияның жасанды интеллектіні қабылдауын және оны оқу үдерісінде қолдану тәжірибесін арнайы зерттеу әлі де өзекті.
Мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық дәуір талаптарына бейімдеу де назар аударатын маңызды бағыттың бірі. Президент биылғы Жолдауында мемлекеттік аппараттың, сондай-ақ әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау міндеті қойылды.
Осы ретте билік жүйесі цифрлық дәуірдің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы керек деген ұстанымды қолдаймын. Өйткені бүгінгі қоғам мемлекеттік органдардан жеделдік пен ашықтықты ғана емес, бастама көтеріп, дербес шешім қабылдай алатын кәсіби қабілетті де талап етеді. Президенттің өзі атап өткендей, мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге және өз өкілеттігі шегінде дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет», – деді ол.
Профессордың айтуынша, мемлекеттік аппаратты жаңғырту барысында қағазбастылықты азайтып, басқару үдерісіндегі артық рәсімдер мен қайталанатын міндеттерді қысқарту қажет. Бұл ретте цифрлық технологияларды енгізумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне де басымдық берілуі керек.
«Әрбір мемлекеттік орган өзінің өкілеттігін ғана емес, тұтас мемлекеттік аппараттың жұмыс тәртібін де жақсы түсінуге тиіс. Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттер мен басқару жүйесіндегі қайшылықтарды жойып, мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылту – уақыт талабы. Шешім қабылдауға, демек, елдің дамуына кедергі келтіретін артық рәсімдерді қысқарту қажет.
Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне қойылатын талап та жоғары болуы керек. Басқару жүйесін жаңғырту үшін озық технологияны енгізу жеткіліксіз. Оны тиімді қолдана алатын, білімі мен біліктілігі жоғары мамандар қажет. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын.
Сондықтан бізге сыртқы көрініспен шектелмейтін, мазмұны терең, нақты нәтижеге бағытталған реформа керек. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар әзірлеу міндеті жүктелді. Мұндағы негізгі мақсат – мемлекеттік басқаруды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономика талаптарына бейімдеу», – деп атап өтті профессор.
Сондай-ақ спикер халықаралық ғылыми тағылымдама барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, шетелдік жоғары оқу орындарының білім беру әдістемесі мен цифрлық коммуникация саласындағы тәжірибесін зерттеу отандық білім беру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
«2025 жылғы қыркүйектен бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Дейвис қаласындағы Калифорния университетінде бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өту барысында осы бағыттарды зерттеуді мақсат еттім.
Тағылымдама кезінде Америка журналистика мектебінде журналистің зерттеу жүргізу, мәтінмен жұмыс істеу және кросс-медиалық ортада кәсіби қызмет атқару құзыреттеріне қойылатын талаптарды зерделедім. Калифорния университетінің профессорларымен тәжірибе алмасып, АҚШ педагогтарының оқыту әдістемесімен таныстым. Сонымен қатар саяси және цифрлық коммуникацияның америкалық үлгісін Қазақстан тәжірибесімен салыстырып, олардың тиімді тұстары мен әлі де жетілдіруді қажет ететін қырларын болашақ ғылыми зерттеулеріме арқау етуді көздеп отырмын.
АҚШ медиаиндустриясындағы маңызды бағыттардың бірі – дата-журналистика. Осы саладағы құралдар мен әдістерді меңгеру, ғылыми жұмыс жазу мен оқыту үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жөнінде практикалық білім жинақтау мен үшін аса маңызды болды. Мұндай тәжірибе Қазақстандағы білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Назгүл Шыңғысова.
Профессордың пайымынша, елдің стратегиялық даму басымдықтарын жүзеге асыруда білім беру жүйесін жетілдіру мен білікті мамандар даярлау мәселесі айрықша маңызға ие.
«Жолдауда белгіленген міндеттер елдің өркендеуіне тың серпін беретіні сөзсіз. Ал сол мақсаттарға жету үшін білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені білімді, саналы ұрпақ – еліміздің басты байлығы», – деп түйіндеді ол.