Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасын көтерді. Қолданыстағы құжат 1994 жылы қабылданғандықтан, соңғы отыз жылда экономикалық орта, мүліктік қатынастар және азаматтық айналымның сипаты айтарлықтай өзгерді. Сондықтан азаматтық заңнаманы қазіргі экономиканың талаптарына сай жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Экономика және әлеуметтік салалары заңнамасы бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) Маржангүл Акимжанова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сарапшының пікірінше, жаңа Азаматтық кодекс азаматтық-құқықтық реттеуді экономиканың қазіргі даму деңгейіне сәйкес келетін біртұтас жүйеге келтіру үшін қажет. Қолданыстағы Кодекс меншік құқығын қорғау, шарт еркіндігі және нарықтық жағдайда кәсіпкерлік жүргізу қағидаттарының берік негізін қалыптастырды. Алайда үш онжылдық ішінде экономикалық қатынастардың мазмұны өзгеріп, азаматтық айналымның жаңа түрлері пайда болды.
«Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Кодексті қабылдауды болашақ экономикасына көшумен тікелей байланыстырды. Бұл қадам азаматтық құқықтардың жаңа объектілерін қамтиды, оларды жүзеге асыру және беру тәртібін өзгертеді, платформалық кәсіпкерлікті кеңейтеді, шарттық қатынастарды автоматтандырады, сондай-ақ міндеттемелерді орындаудың әрі қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қалыптастырады», – деді Маржангүл Акимжанова.
Оның айтуынша, осы өзгерістер дәстүрлі азаматтық-құқықтық институттарға да әсер етіп отыр. Атап айтқанда, меншік құқығы, мәмілелер, міндеттемелер және азаматтық-құқықтық жауапкершілік қазіргі экономикалық қатынастарға бейімделуі қажет.
«Жаңа Кодекс құрылымын айқындайтын іргелі қағидалар мен институттардың сабақтастығын сақтауы тиіс, сонымен бірге жаңа экономикалық қатынастар үшін әмбебап құқықтық құрылымдарды ұсынуы керек. Ол қазіргі цифрлық институттарды ғана бекітіп қоймай, кейінгі кез келген өзгерістерге қолданылатын жалпы, технологиялық бейтарап нормаларды қамтуы маңызды. Оның нақты түзетулерден түбегейлі айырмашылығы осында», – деп түсіндірді сарапшы.
Маржангүл Акимжанова азаматтық заңнаманы жаңғырту бұрын қол жеткізілген нәтижелерден бас тарту емес, құқықтық жүйені дамытудың келесі кезеңі болуы керектігін атап өтті. Оның пайымдауынша, жаңа Кодекс азаматқа түсінікті, бизнес үшін болжамды, құқық қолдану тәжірибесінде тиімді әрі заң ғылымы тұрғысынан тұжырымдамалық жағынан дәйекті болуы қажет.
Бұл ретте меншік құқығын қорғау мәселесі ерекше маңызға ие. Сарапшы жаңа Конституцияда бекітілген меншік нысандарының тең қорғалуы туралы кепілдіктер нақты құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асуы керектігін айтты.
«Жаңа Конституцияда бекітілген меншік нысандарының тең қорғалуы кепілдігі іс жүзінде оны жүзеге асырудың жұмыс істейтін тетігі болған жағдайда ғана мәнге ие болады. Сондықтан меншік иелерінің кепілдіктерін күшейту, адал ниетті сатып алушылардың құқықтарын қорғау және міндеттемелердің орындалуының сенімділігін нығайту жеке міндеттер емес, мүліктік айналымның тұрақтылығының өзара байланысты шарттары», – деді ол.
Оның сөзінше, меншік иесі өз мүлкінің сақталатынына, сатып алушы ақы төлегеннен кейін құқықтың тиісті тәртіппен бекітілетініне, ал несие беруші міндеттеме бұзылған жағдайда өз мүдделерінің қорғалатынына сенімді болуы тиіс.
Осы мақсатта заңнаманы жетілдіру сот тәжірибесін талдауға, ұсынылған шешімдерге ғылыми сараптама жүргізуге және олардың мүліктік қатынастардың тұрақтылығына ықпалын бағалауға негізделуі қажет. Сарапшы реформаның түпкі нәтижесі адал азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, құқық бұзылған жағдайда жәбірленушінің мүліктік мүдделерін тиімді қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тұтас әрі болжамды жүйе қалыптастыру болуы керек екенін атап өтті.
Сонымен қатар жаңа Азаматтық кодексте шарт еркіндігі қағидатын сақтау маңызды. Бұл қағидат кәсіпкерлік қызмет еркіндігімен және меншіктің барлық нысанының тең қорғалуымен тығыз байланысты. Сарапшының пікірінше, азаматтық айналымға қатысушылар шарт талаптарын өзара келісім арқылы айқындауы керек. Ал мемлекет тарапынан міндетті талаптар енгізу осал тарапты қорғау немесе қоғамдық мүддені қамтамасыз ету қажет болған жағдайда ғана қолданылғаны жөн.
«Жаңа Кодекстің негізіне диспозитивтілік презумпциясын қалау орынды: азаматтық айналымның кәсіби қатысушылары арасындағы қатынастарда тараптар шарттың мазмұнын өз бетінше анықтайды, ал императивтік реттеу – осал тарапты қорғау немесе қоғамдық мүдде талап ететін жерде ғана, яғни негізделген ерекшелік ретінде қолданылады», – деп атап өтті Маржангүл Акимжанова.
Оның айтуынша, бұл ретте тараптардың іс жүзіндегі теңсіздігі байқалатын жағдайларда міндетті құқықтық нормалардың маңызы сақталуы тиіс. Мәселен, қосылу шарттарында, мазмұнын бір тарап белгілейтін стандартты тұтынушылық, банктік және цифрлық келісімдерде азаматтардың мүддесін қорғау тетіктері қарастырылуы қажет.
Сарапшы жаңа Кодексті әзірлеу барысында қолданыстағы заңнаманы ғана емес, сот тәжірибесін де кешенді талдау керектігін айтты. Бұл жұмыс жаңа конституциялық ережелерді ескере отырып жүргізілуі тиіс.
«Қорытынды қағида мынадай: шарт еркіндігі – басты ереже, императивтік нормалар – тәжірибемен расталған әрі негізделген ерекшелік», – деп түйіндеді сарапшы.
Осылайша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу экономикалық қатынастарды құқықтық реттеуді жаңғыртып қана қоймай, меншік иелерінің, кәсіпкерлердің және қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.