Header Banner

Жанар Нақыпбаева: Президент Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа моделі айқындалды

Жанар Нақыпбаева: Президент Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа моделі айқындалды
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттың басымдықтарын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Президент әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттап, бюджет қаражатын тиімді пайдаланумен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру міндетін белгіледі. Бұл тәсіл мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара жауапкершілікке негізделген жаңа қатынастарды қалыптастыруды көздейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Жанар Нақыпбаева айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының пікірінше, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілуі елдегі демографиялық өзгерістермен тікелей байланысты. Қазір Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл – жалпы халықтың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны да артып отыр. Мұндай жағдайда мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандарға деген сұраныс күшейе түседі.

«Президент азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі шарты ретінде қарастырады. Осы мақсатта “Халықтық құрылыс” бастамасы аясында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға басымдық беріліп отыр», – деді сарапшы.

Жанар Нақыпбаева әлеуметтік саладағы түйткілдерді тек инфрақұрылым тапшылығымен байланыстыру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік ресурстарды бөлудің бұрынғы тәсілдерінде де бірқатар кемшілік болған. Атап айтқанда, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерге бөлінген қаражат кей жағдайда нақты мұқтаж азаматтарға жетпей, тұрмысы жақсы отбасыларға да берілген. Соның салдарынан мектептер мен ауруханалардағы тапшылық сақталып, әлеуметтік мәселелердің түпкі себептері шешімін таппаған.

«Мұндай қолдау наразылықты уақытша бәсеңдеткенімен, проблемалардың негізгі себептерін жоя алмады. Жүйенің жетілмегендігі патерналистік ұстанымдардың орнығуына, масылдық көңіл күйдің күшеюіне, сондай-ақ әлеуметтік көмекті теріс пайдалану мен сыбайлас жемқорлық схемаларының көбеюіне ықпал етті», – деп түсіндірді ол.

Сарапшы Президенттің жәрдемақы алудың жаңа қағидаларына қатысты қоғамда туындаған алаңдаушылыққа берген түсініктемесіне де тоқталды. Оның пайымдауынша, әлеуметтік саясатта шын мәнінде қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау мен мемлекеттік қаражатты негізсіз алудың аражігін ажырату маңызды. Әлеуметтік мемлекеттің міндеті – көмекке мұқтаж адамдарды қолдау. Ал нақты қажеттілік болмаса да жеңілдіктерді пайдалану немесе жүйедегі олқылықтарды жеке мүддеге жарату бұдан бөлек қарастырылуы тиіс.

Әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, бұл тәсіл мемлекетке толық тәуелділікке негізделген патерналистік қатынастардан біртіндеп арылуды көздейді. Сарапшының пікірінше, мемлекеттік төлемдерге ұзақ уақыт тәуелді болу адамның жеке бастамасын және еңбек етуге ынтасын әлсіретуі мүмкін. Сонымен қатар бейресми жұмыспен қамтылу, кедейліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы және әлеуметтік оқшаулану қаупін күшейтеді.

«Әлеуметтік саясаттың басымдығын проблемалардың салдарын жоюдан олардың түпкі себептерімен күресуге ауыстыру қажет. Мемлекет азаматтарға қолдау көрсетумен қатар, олардың білім алуы, еңбек етуі және кәсіби дамуы арқылы өмір сапасын жақсартуына жағдай жасауы тиіс. Бұл әлеуметтік қорғаудан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, көмек ең алдымен оған шын мұқтаж адамдарға жетуі керек», – деді Жанар Нақыпбаева.

Сонымен бірге сарапшы әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуде сақтық қажет екенін атап өтті. Президенттің оларды алдын ала зерделеп, пилоттық режимде сынақтан өткізу жөніндегі ұстанымы осыған бағытталған. Өйткені өзгерістер әлеуметтік осал топтардың жағдайына кері әсер етпеуі керек. Бұл ретте бюджет қаражатын үнемдеу әлеуметтік саясаттың түпкі мақсатына айналмауға тиіс.

Жанар Нақыпбаеваның айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту атаулы көмекті толықтыратын маңызды бағыт саналады. Мәселен, Жолдауда 8 перинаталдық орталық пен 7 көпбейінді балалар ауруханасын салу, инклюзивті білім беруге жағдай жасау міндеттері көзделген. Бұған қоса, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға дейін арттыру, педагогтердің артық есептілігін қысқарту және мұғалім беделін нығайту шаралары қарастырылған.

«Мектептер мен ауруханалар салу жәрдемақыларды алмастырмайды. Алайда тек ақшалай төлемдер арқылы шешу мүмкін емес мәселелерді еңсеруге мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметтердің сапасы инфрақұрылыммен қатар, сол салада еңбек ететін мамандарға да байланысты. Сондықтан мемлекет білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың лайықты еңбек етуіне жағдай жасауы қажет. Ал азаматтар осы мүмкіндіктерді пайдалануға, бастама көтеруге және қоғамдық ресурстарға жауапкершілікпен қарауға дайын болуы тиіс», – деп атап өтті сарапшы.

Мемлекет пен азамат арасындағы әріптестік қатынастардың қалыптасуы қоғамдық құндылықтарға да байланысты. Осы тұрғыда Президент «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызын атап, елдің орнықты дамуы азаматтардың санасын жаңғыртуға және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға тәуелді екенін жеткізді.

Сарапшының пікірінше, адалдық пен еңбекқорлық әлеуметтік саясаттың да маңызды қағидаттары болуы керек. Адал азамат өзіне тиесілі емес нәрсені иеленуге ұмтылмайды, ең алдымен өз еңбегіне сүйенеді. Президенттің «Әрекет түбі – берекет» деген халық мақалына назар аударуы да осы ұстаныммен сабақтас.

Мемлекет басшысы бұл құндылықтарды жасампаз отаншылдықпен байланыстыра отырып, «Патриот болу – Заңды құрметтеу, Тәртіпті сақтау, Отан игілігі үшін аянбай еңбек ету» екенін атап өтті. Әлеуметтік салада бұл қағидаттардың нақты мәні бар. Өйткені мемлекеттік бюджеттен заңсыз алынған қаражат шын мұқтаж отбасыларға, мектептер мен ауруханалардың құрылысына жұмсалуы мүмкін еді.

Осылайша, Президент Жолдауында әлеуметтік саясатты жаңғыртудың негізгі бағыты айқындалды. Атаулы әлеуметтік қолдау, сапалы әлеуметтік инфрақұрылым және азаматтардың өз бетінше дамуына мүмкіндік жасау өзара сабақтас болуы тиіс. Сарапшы атап өткендей, мемлекет пен қоғам арасындағы әріптестік тек азаматтардың жауапкершілігін арттырумен шектелмейді. Ол әділ ережелерді қалыптастыруды, мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын және қоғамның билікке деген сенімін де талап етеді. Әлеуметтік саясаттағы өзгерістердің нәтижесі осы өзара жауапкершіліктің қаншалықты орнығатынына байланысты.