Header Banner

Марат Ахмади: Жаңа Азаматтық кодекс – Президент Жолдауындағы маңызды құқықтық бастама

Марат Ахмади: Жаңа Азаматтық кодекс – Президент Жолдауындағы маңызды құқықтық бастама
Фото: Maqsut Narikbayev University

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында болашақ экономикасының құқықтық негізін қалыптастыратын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау бастамасын көтерді. Қолданыстағы құжатқа соңғы 30 жылда 280-нен астам заң арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Алайда жекелеген түзетулер кодекстің жүйелілігін сақтауға мүмкіндік бермеген. Осыған байланысты жаңа құжатты әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы Maqsut Narikbayev University профессоры Марат Ахмади айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Профессордың пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау – уақыт талабынан туындаған шешім. Қолданыстағы құжат 1994 жылы Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен кезеңде әзірленді. Сол уақытта кодекс жеке меншік институтын орнықтырып, келісімшарт еркіндігін қамтамасыз етуге және нарық субъектілерінің құқықтық негізін қалыптастыруға қызмет етті.

Алайда содан бері ел экономикасы мен қоғамдық қатынастар айтарлықтай өзгерді. Ал қолданыстағы кодекске жылдар бойы жекелеген түзетулер енгізу оның ішкі үйлесімі мен жүйелілігіне әсер еткен.

«Соңғы 30 жылдағы тәжірибе бұл мәселенің шешімін көрсетті. Осы кезеңде Азаматтық кодекске 280-нен астам заң арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірыңғай тұжырымдамасыз, жекелеген салалардың мүдделеріне қарай енгізілген түзетулер кодекстің ішкі үйлесімі мен жүйелілігін бұзды. Демек, мұндай тәсіл күткен нәтиже бермейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы қолданыстағы кодекстің кезекті редакциясын әзірлеумен шектелмейді. Әңгіме – жаңа құқықтық құжат қабылдау туралы. Оны әзірлеу мерзімі ретінде 2027 жылдың соңы белгіленген», – деді Марат Ахмади.

Сарапшы қазіргі экономиканың құрылымы 1990 жылдардағы жағдайдан мүлде өзгеше екенін атап өтті. Бүгінде қор нарығы, корпоративтік қатынастар, венчурлік қаржыландыру және ірі инфрақұрылымдық жобалар дамып келеді. Мұндай қатынастарды реттеу үшін күрделі қаржылық-құқықтық тетіктер қажет.

Мәселен, Астана халықаралық қаржы орталығы ағылшын құқығының жекелеген институттарын қолданады. Соның нәтижесінде бір елдің ішінде екі түрлі құқықтық тәртіп қатар қалыптасқан. Профессор мұны азаматтық заңнаманы жаңарту қажеттігін көрсететін факторлардың бірі ретінде атады.

«Бүгінгі азаматтық айналымның күрделілігі артты. Қор нарығы, корпоративтік қатынастар, венчурлік қаржыландыру, ірі инфрақұрылымдық жобалар пайда болды. Оларға күрделі опцион, эскроу, тәуелсіз кепілдік және келісімшарт жасасуға дейінгі жауапкершілік сияқты құқықтық институттар қажет. Бұл жағдай Азаматтық кодексті заман талабына сай жаңарту қажеттігін айқын көрсетеді. Қолданыстағы кодексте кеңестік кезеңнен қалған шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқығы, мемлекеттік кәсіпорын сияқты құқықтық конструкциялар әлі де сақталған. Олар жоспарлы экономика жағдайында қалыптасқандықтан, қазіргі нарықтық қатынастардың талаптарына сай қайта қарауды қажет етеді. Жаңа кодекс азаматтардың күнделікті өмірінде кездесетін құқықтық мәселелерді де қамтуы тиіс. Бүгінде ипотека, үлестік құрылыс, тұтынушылық несие, онлайн сауда және цифрлық мұра сияқты қатынастар кең таралған. Сондықтан заңнама азаматтық айналымдағы әлсіз тараптың, яғни тұтынушы мен жеке тұлғаның құқықтарын тиімді қорғауға бейімделуі керек.», – деп түсіндірді ол.

Марат Ахмади жаңа Азаматтық кодексті конституциялық реформалардың заңнамалық жалғасы ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, Конституция мемлекеттің құқықтық негізін айқындаса, Азаматтық кодекс меншік, келісімшарт, жауапкершілік және жеке-құқықтық қатынастардың негізгі қағидаларын белгілейді. Сондықтан екі құжаттың мазмұны өзара сабақтас болуы маңызды.

Профессордың айтуынша, 1994 жылы Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімі 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейін әзірленіп, күшіне енген. Енді жаңа Конституция қабылданғаннан кейін азаматтық заңнаманы соған сәйкес жаңартуға мүмкіндік туып отыр.

«Жаңа Конституция адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындады. Меншікке қол сұғылмаушылық, кәсіпкерлік еркіндігі, адамның қадір-қасиеті және сот арқылы қорғалу құқығы сияқты іргелі қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілді. Алайда азамат бұл құндылықтарды Конституция мәтінінен ғана емес, күнделікті өмірде нақты институттар арқылы сезінуі керек. Осындай кепілдіктерді қамтамасыз ететін негізгі акт – Азаматтық кодекс», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, жаңа Конституция қабылданғанымен, Азаматтық кодекс бұрынғы қалпында қалса, конституциялық құндылықтарды күнделікті құқықтық қатынастарда толық жүзеге асыру қиынға соғады. Сондықтан жаңа кодекс меншік құқығын қорғау, келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық дауларын әділ шешу тетіктерін жетілдіруі қажет.

Сарапшы азаматтық заңнаманы жаңарту әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей әсер ететінін де атап өтті. Өйткені азаматтар күнделікті тұрмыста пәтер сатып алу, ипотека рәсімдеу, келісімшарт жасасу, интернеттен тауар алу немесе мұра қабылдау кезінде Азаматтық кодекстің нормаларына сүйенеді.

«Азаматтық кодекс – адам күнделікті өмірінде Конституцияға қарағанда жиірек жүгінетін заң. Конституция негізгі қағидаттарды айқындайды, ал Азаматтық кодекс күнделікті қатынастарды реттейді. Сондықтан бұл реформаны тек заңгерлердің кәсіби мәселесі ретінде қарастыруға болмайды. Ол әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей қатысты», – деп түйіндеді Марат Ахмади.

Осылайша, жаңа Азаматтық кодекс қабылдау бастамасы экономикалық қатынастарды реттеуді жетілдірумен қатар, азаматтардың меншік құқығын, келісімшарттық міндеттемелерін және күнделікті өмірдегі заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық негізін жаңартуға бағытталған.