Header Banner

Ғылыми гранттың 300 млн теңгеге жуық сомасы жымқырылған

Ғылыми гранттың 300 млн теңгеге жуық сомасы жымқырылған
Фото: ҚМА

Астанада ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік гранттарды жымқыру схемасын анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап. 

Тергеуді агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізді. Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын іске асыру үшін жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгеге дейінгі грант алған.

Алайда қаражат жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлар үшін төлем жасау деген желеумен бақылаудағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған.

Атап айтқанда, жобада көзделген тат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған. Дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған.

Нәтижесінде мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген. 

«Жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге төлем жасау деген желеумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған. Кейін бұл қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкерліктің шоттарына қайтарылып, жобаға қосқан өз қаражаты ретінде рәсімделген. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған», делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, жобаның іске асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алып, анықталған заңбұзушылықты тексеру актісінде көрсетпеген және жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.

Екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен 6 автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.