Халықтың әл-ауқаты мен ұлттық мүддені қара басының қамынан жоғары қоятын нағыз мемлекетшіл тұлғалар қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Халықтың әл-ауқаты мен ұлттық мүддені қара басының қамынан жоғары қоятын нағыз мемлекетшіл тұлғалар қажет.
Шынайы отаншылдық адамдарға қамқорлықтан көрінеді, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз деген салмақты сауалмен өлшенеді.
Бақ-дәулет келеді де кетеді, ал соңыңда жасаған ісің мен жақсы атың қалады. Соның бірі – ертең адамдар, келер ұрпақ игілігін көретін әлеуметтік инфрақұрылымдар.
Қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы үшін сенімді тірек керек, яғни, адамдардың өзегі мықты, моральдық принциптері мықты болғаны жөн.
Дәл осы себепті жаңа қоғамдық этика қалыптастыру және «Таза Қазақстан» тұжырымын дәріптеу өте маңызды. Өйткені тек айналамыздан ғана емес, азаматтарымыздың ниет-пиғылынан, сөзінен және іс-әрекетінен тазалық сезіліп тұруға тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауыннша, халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын адамның ниеті, ойы, қолы таза болуы керек.
«Қайталап айтамын: ешкім де заңнан биік емес. Бұл талап, әсіресе, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қатаң сақталуы қажет. Осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия өз жұмысын бастайды. Мына нәрсені әрдайым қаперде ұстаған жөн. Кім қылмыс жасайды, сол міндетті түрде жазасын алады. Кім өз жұмысына салғырт қарайды, сол орнынан босатылады.
Жоғары лауазым – ең алдымен, жоғары жауапкершілік деген сөз. Халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын адамның ниеті, ойы, қолы таза болуы керек.
Әрине, біз азаматтардың елге сіңірген еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ кешегі жетістігін бұлдап, арқаны кеңге салып жүруге кімнің болса да, хақы жоқ. Мен үшін адамның шыққан тегі, лауазымы емес, нағыз іскер болғаны маңызды. Жалпы, іскерлік – мемлекеттік билік жүйесіне ғана емес, барлық салаға қажет дағды», - деді ол.
Мемлекет басшысы ұлт мүддесіне адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетілетінін атап өтті.
«Халқымыз «Ердің атын еңбек шығарады» деп бекер айтпаған. Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз. Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты.
Қазір осы жерде жұртқа жанашыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.