Президент 2030 жылға дейін суармалы егіс алқаптарының көлемін 1 миллион 300 мың гектарға жеткізуді міндеттеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Тағы бір міндет – суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр.
Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни, күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын.
Бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасына реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары басталды.
Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады.
Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал.
Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салуымыз керек.
Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет адал фермерлер мен іскер шаруаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Мемлекет туған жерінің өркендеуіне үлес қосатын, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға әрдайым қолдау көрсетеді.
Алайда жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар.
Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді.
Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе?
Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек.
Бұл салада кәсіппен айналысатындардың бәрі, ең алдымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауға тиіс.
Аграрлық сектор – мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, тұрақсыз заманда оның өзектілігі арта түсті», - деді Президент.