Header Banner

Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде климаттық сын-қатерлерді ескеру қажет екенін айтты

Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде климаттық сын-қатерлерді ескеру қажет екенін айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде климаттық сын-қатерлерді ескеру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір келесі жылға және одан кейінгі орта мерзімді кезеңге арналған әлемдегі климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жарияланып жатыр. 

«Климаттық күн тәртібі геосаясатпен және экономикамен тығыз байланысты. Мәселен, климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаңшылыққа байланысты алаңдаушылық жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге байланысты пікірімде осыған тоқталдым. Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін. Ауа райындағы ауытқулар қуаңшылыққа, өртке, су тасқынына душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі қиындыққа тап болып, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал.

Ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет.

Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан. 

Салалық министрлік аталған ұйыммен бірге әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, Қазақстанға және біздің серіктестерімізге арналған ұсынымдар әзірлей алады», - деді Президент.