Header Banner

Президент ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге ЖИ қалай көмектесетінін зерделеуді ұсынды

Президент ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге ЖИ қалай көмектесетінін зерделеуді ұсынды
Фото: Ақорда

Аграрлық шаруалардың табысты болуы – мемлекеттің, халықтың мүддесіне толық сай келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек.

Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу туралы жиі айтып жүрміз. Жуырда ЖИ саласындағы жаһандық жетекші компаниялардың басшыларын қабылдадым. Олар бізге агросекторға жасанды интеллектіні енгізу мәселесімен айналысу жөнінде кеңес берді. Өйткені әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің келешегіне қатысты болжамдар, өкінішке қарай, мәз емес. Қазір Эль-Ниньо деп аталатын табиғи құбылыстың салдарына кешенді талдау жүргізілуде. Жорамалдар көңіл көншітпейді.

Бірақ Қазақстан бұл жағдайда үлкен артықшылыққа ие. Яғни орайлы сәтті пайдаланып, аталған салаға жасанды интеллектіні енгізу арқылы алға озуға және әлемдік ауқымдағы азық-түлік қорын қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Осы істі неге қолға алмасқа? Меніңше, бұл міндетті бірінші кезекте Үкіметтегі осы мәселемен айналысатын блокқа жүктеу керек. Мұндай құрал кредит беру туралы шешімнің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, өтінімдерді қарау мерзімін және әкімшілік кедергілерді қысқартады.

Жалпы, бізге жасанды интеллект ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеу керек. Әрине, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қаржы құралдарын белсенді әрі тиімді қолданған жөн. Ал саланың өнімділігі ойдағыдай емес. Оны мойындағанымыз дұрыс. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді. Құжатта әлемдегі озық тәжірибе де ескеріледі. Бағдарламада ұзақмерзімді шартпен қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету, заманауи технологиялар мен озық ғылыми әзірлемелерді қолданысқа енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажеттігін атап өтті.

«Тағы бір өзекті мәселе – агросақтандыру жүйесін жетілдіру. Қуаңшылық, үсік және мал ауруы жылдар бойғы маңдай тер, табан ақыны желге ұшыруы мүмкін.  Жергілікті климат жағдайына сеніп, жайбарақат отыруға болмайды. Бұл әуел бастан тиімсіз стратегия. Шығынды үнемі бюджеттен өтеу де проблеманы шешпейді.
Сондықтан Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп аталған нарықты дамыту жөнінде нақты ұсыныстар беруі керек. 

Сонымен қатар шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет», - деді ол.