Header Banner

Қасым-Жомарт Тоқаев: Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайды

Бүгін, 14:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қасым-Жомарт Тоқаев: Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайды
Фото: akorda.kz

Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік.

Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті.

Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды.

Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады.

Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.

Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды.

Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.

Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор.

Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды.

«Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс.

Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты.

Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады.

Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ.

Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.

Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс.

Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті.

«Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.

Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.

Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын?

Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық.

Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек», - деді ол.