Header Banner

Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Бүгін, 14:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді.

Бұл – мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала.

Бүгін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз.

Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысып отыр.

Сондықтан бұл форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу десек те қате болмас.

Ең алдымен, қазір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бөліскен азаматтарға, инвесторларға алғыс білдіремін.

Су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды.

Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып жатқанын атап өтті.

Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер.

Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды.

Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі.

Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз.

Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын», - деді Президент.

Сондай-ақ ол өз ісін адал азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келе жатқанын айтты.

«Қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз бар.

Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді.

Біз жасампаз әрі озық ойлы ұлт болып әрдайым алысқа көз тігеміз, ел мүддесі үшін тек қана биік мақсаттарға ұмтыламыз.

Мемлекет басшысы ретінде осы мақсатқа адал болу – мен үшін қастерлі парыз.

Биылғы Жолдауымда көрініс тапқан «Халықтық құрылыс» бағдарламасы соның айқын дәлелі екені сөзсіз.

Бұл – құт қонған қазақ даласы енді ауқымды құрылыс аумағына айналады деген сөз.

Алдымызда тұрған құрылыс жоспары – шын мәнінде, оның ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, айбынды әрі бірегей.

Еліміздің барлық аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары, яғни, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді.

Сапалы жолдар төселеді, атом, су, электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады», - деді Мемлекет басшысы.