Header Banner

Мемлекет басшысы : Цифрлық сауда алаңдарының мүмкіндіктері ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек

Мемлекет басшысы : Цифрлық сауда алаңдарының мүмкіндіктері ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының пікірінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс.

«Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрлық сауда алаңдарының мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керектігін атап өтті. 

«Тағы бір маңызды мәселе – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту. Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет. 

Мен бұған дейін цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым. Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек. Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс», - деді ол.

Мемлекет басшысы цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігі, оның бәсекеге қабілеті артқанын атап өтті. 

«Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым. Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.

Мысалы, Солтүстік Қазақстанда осындай кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Ақселеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серігі арқылы бақылау жүйелерін енгізді. Есепке алу жұмысы да автоматты түрде жұмыс істеп жатыр. Шаруашылық ауыл-аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, тұрғындар орталықтан жылыту жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде қолдау көрсетуде.

Осылайша, цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігі, оның бәсекеге қабілеті артып, жалпы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсаруда.

Сондықтан басқа да шаруа қожалықтары осы мүмкіндіктерді өз аймақтарында қолданғаны жөн деп санаймыз», - деді Президент.