Header Banner

Президент ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беруді ұсынды

Президент ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беруді ұсынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президенттің айтуынша, ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет. 

«Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды. Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет.

Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыру маңызды екеніне тоқталды.

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жолы түсінікті деп ойлаймын.

Еске сала кетейін, бұған егістіктің рационалды құрылымы, сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми дәлдікке негізделген егіншілік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады. 2023 жылдан бері бидайдың бітік шығуына тәуелділікті азайтып, пайдасы әлдеқайда жоғары дақылдардың үлесін көбейту бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Топырақ пен климат жағдайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, егістікті әртараптандыруды одан әрі жалғастырған жөн.

Биыл диқандарымыздың минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бірнеше жыл бұрын аталған көрсеткіш небары 20 пайызды құраған еді», - деді Президент.

Мемлекет басшысы отандық тыңайтқыш өндірісін дамытудың маңызы зор екендігін атап өтті. 

«Қазір пайдаланып жүрген тыңайтқыштың жартысына жуығы шеттен келеді. Жағдайды бұлай қалдыруға болмайды. Бұл жөнінде талай айттық. Қазір Түркістан облысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр. Маңғыстау облысында еліміздегі алғашқы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жоспарланған.
Үкімет те осындай жобаларға қолдау көрсетеді», - деді ол.